Қоғам

Жазадан жалтарған қазақстандық әйел Ресейден экстрадицияланды

Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы заңды күшіне енген сот үкімі бойынша жазасын өтеуден жалтарған қазақстандық азаматшаны Ресей Федерациясы аумағынан экстрадициялады.

Фото: Бас прокуратура

Бас прокуратураның мәліметінше, әйел Қарағанды қаласының Әлихан Бөкейхан аудандық сотының 2024 жылғы 10 мамырдағы үкімімен адамдар тобының алдын ала сөз байласуы арқылы күш қолданып тонау және бөтеннің мүлкін ұрлау қылмыстары үшін кінәлі деп танылған. Сот оған 3 жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындаған.

Алайда сотталған азаматша пробациялық бақылауда бола тұра, 2025 жылғы наурызда жазасын өтеуден жалтарып кеткен.

Осыған байланысты сот бас бостандығын шектеу түріндегі өтелмеген 1 жыл 4 ай 7 күн мерзімді бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырып, оған халықаралық іздеу жарияланған.

2025 жылғы қарашада күдікті Ресей аумағында ұсталып, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрау салуы негізінде елге экстрадицияланды.

Қазіргі уақытта сотталған азаматша жазасының қалған бөлігін өтеу үшін тергеу изоляторына қамалды.

Сайт Әкімшілігі