Израиль мен Ливан арасындағы бітім 45 күнге ұзартылды
Израиль мен Ливан билігі атысты тоқтату режимін тағы 45 күнге ұзартуға келісті.
Бұл туралы АҚШ Мемлекеттік департаментінің өкілі Томми Пиготт X әлеуметтік желісінде хабарлады.
Бұған дейін қолданыстағы бітімнің мерзімі 17 мамырда аяқталуы тиіс болған. Пиготтың мәліметінше, Израиль мен Ливан дипломаттарының АҚШ Мемлекеттік департаментінің арағайындығымен өтетін келіссөздері 2–3 маусым күндері қайта жалғасады. Сонымен қатар, 29 мамырда Пентагонда екі елдің әскери өкілдері арасында кеңес өткізу жоспарланған.
АҚШ тарапы бұл келіссөздер екі мемлекет арасында ұзақмерзімді бейбітшілік орнатуға, егемендік пен аумақтық тұтастықты өзара мойындауға, сондай-ақ ортақ шекара бойындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ықпал етеді деп үміттенетінін мәлімдеді.
14 сәуірде Вашингтонда Израиль мен Ливан өкілдері арасында 1993 жылдан бергі алғашқы тікелей келіссөздер өткен еді. Кездесуге екі елдің АҚШ-тағы елшілері қатысқан. Сол кезде тараптар бейбіт реттеу жөніндегі тікелей диалогты бастауға қадам жасағанын АҚШ Мемлекеттік департаменті хабарлаған.
16 сәуірде Дональд Трамп Израиль мен Хезболла арасында бітім орнағанын жариялаған болатын. Кейін ол бұл келісімнің ұзартылатынын да мәлімдеген. Алайда одан кейінгі күндері тараптар бір-бірін бітім шартын бұзды деп бірнеше рет айыптады.