Ресей Украинаға 272 дронмен шабуыл жасады: қаза тапқандар бар
Ресей әскері 6 маусымға қараған түні Украина аумағына 272 дрон ұшырды. Шабуыл кезінде «Шахед», «Гербера», «Италмас», «Бандероль» секілді дрондар мен жалған нысана ретінде қолданылатын аппараттар пайдаланылған.
Украина Қарулы күштері Әуе күштерінің мәліметінше, таңғы сағат 08:00-дегі жағдай бойынша әуе қорғанысы жүйелері 249 дронды жойған немесе залалсыздандырған. Алайда 19 соққы беруші дрон 11 түрлі нысанаға жеткен. Сондай-ақ атып түсірілген аппараттардың бөлшектері 13 жерде құлаған.
Запорожьеде екі адам қаза тапты
Запорожье облыстық әскери әкімшілігінің басшысы Иван Федоровтың айтуынша, шабуыл кезінде өнеркәсіптік және маңызды инфрақұрылым нысандары нысанаға алынған.
Соққы жасалған нысандардың бірінде жұмыс істеген екі қызметкермен байланыс үзілген. Кейін олардың мәйіттері табылған.
Таңертең Ресей әскері Запорожьеге тағы да дронмен шабуыл жасаған. Қаланың бір ауданындағы көпқабатты тұрғын үйдің маңындағы автотұрақта өрт шыққан. Соңғы мәлімет бойынша, бес адам жарақат алған.
Днепропетровск облысында бір адам көз жұмды
Облыс басшысы Александр Ганжаның мәліметінше, Ресей әскері өңірдің үш ауданына шамамен 30 рет дрондармен және артиллериямен соққы берген.
Кривой Рог ауданында бір адам қаза тапқан. Сонымен қатар 64 және 66 жастағы ер адамдар мен 64 жастағы әйел жараланған.
Шабуылдар салдарынан инфрақұрылым нысандары мен кәсіпорындар зақымданған.
Одесса облысына да шабуыл жасалды
Одесса облыстық әскери әкімшілігінің басшысы Олег Кипердің хабарлауынша, дрон шабуылы салдарынан көпқабатты үйлер, жеке тұрғын үй, медициналық орталық аумағы және қонақүй ғимараты бүлінген.
Сондай-ақ маңызды инфрақұрылым нысаны нысанаға алынған. Қаза тапқандар мен жараланғандар жоқ.
Сумы облысында жарық өшті
Ресей әскері Сумы облысының энергетикалық инфрақұрылымына да соққы жасаған.
Облыстық әскери әкімшілік басшысы Олег Григоровтың айтуынша, шабуылдардан кейін бірқатар елді мекенде электр қуаты үзілген. Қазір энергетиктер электр желілерін қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Тростянец қауымында ресейлік дрон жанармай құю станциясына соғылып, оның бір қызметкері жараланған. Ал Сумы ауданындағы тасжолда пошта көлігіне жасалған дрон шабуылынан жүргізуші зардап шеккен.