Әлеумет

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Отан қорғаушылар күнімен құттықтады

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Отан қорғаушылар күнімен құттықтады. Бұл туралы Ақорда жазды.

Фото: Ақорда

«Құрметті қазақстандықтар! Сіздерді Отан қорғаушылар күнімен құттықтаймын!

Бұл мереке ерекше мемлекеттік әрі қоғамдық мәнге ие. Ол жауынгерлеріміздің ерлігі, қайсар рухы мен жанқиярлығын айшықтайды. Бұл күн Отан игілігі үшін қызмет етіп жүрген, бейбіт аспанымызды, аумақтық тұтастығымызды, тұрақтылық пен қауіпсіздігімізді күзетіп жүрген барлық азаматтарды біріктіреді.

Біздің сарбаздарымыз бен командирлеріміз батыр бабалардың даңқты дәстүрін жалғастырып, шынайы патриотизмнің жарқын үлгісін көрсетіп келеді. Бітімгерлік миссияларда, арнайы оқу-жаттығуларда және халықаралық жарыстарда әскерилер мен елдің барлық күштік құрылымдарының қызметкерлері жоғары кәсібилік, тәртіп пен жауынгерлік дайындық деңгейін көрсетіп, ең күрделі міндеттерді орындауға әзір екенін дәлелдеп жүр.

Мемлекет әрдайым қорғаныс қабілетін нығайтуға және әскери қызметкерлерді жан-жақты қолдауға айрықша көңіл бөледі.

Жаңа Конституцияда “Қазақстан Республикасын қорғау – оның әрбір азаматының қасиетті парызы және міндеті” деп нақты жазылған. Бұл сөздерде ел мен халықтың ажырамас байланысы, әр азаматтың Отан тағдыры алдындағы жауапкершілігі жатыр.

Отанға қызмет ету идеалдары мен конституциялық құндылықтарға сүйене отырып, біз Әділетті, Қуатты әрі Қауіпсіз Қазақстан құру жолындағы мақсатымызға жетеміз деп сенемін.

Отан қорғаушыларға табандылығы, үлгілі қызметі және антқа адалдығы үшін алғыс айтамын! Барша азаматтарға зор денсаулық, амандық және игі бастамаларына табыс тілеймін!

Армия мен халықтың мызғымас бірлігі нығая берсін! Қасиетті Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!» – делінген құттықтау мәтінінде.

Қазақстанда Отан қорғаушылар күні жыл сайын 7 мамырда атап өтіледі. Бұл дата 1992 жылғы 7 мамырда Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұлттық қарулы күштерді құру туралы жарлыққа қол қойған күнмен байланысты.

Сайт Әкімшілігі