Әлеумет

Алматыдағы Family Park жері мемлекетке қайтарылуы мүмкін

AMANAT партиясының Алматы қалалық филиалында «Жер Аманаты» комиссиясының отырысы өтіп, онда Family Park аумағындағы жер телімін пайдалану заңдылығы талқыланды.

Фото: 2gis

Комиссия отырысына парк аумағының жағдайына қатысты тұрғындардан түскен көптеген шағымдар себеп болған. Бұған дейін Алматы мәслихаты депутаттары мен қоғамдық кеңес мүшелері паркке мониторинг жүргізіп, бірқатар жүйелі мәселені анықтаған.

Тексеру нәтижесінде аумақтың санитарлық жағдайы нашарлағаны, инфрақұрылымның тозғаны, аттракциондардың техникалық қауіпсіздігіне қатысты күмән бар екені, жасыл желектерге күтім жеткіліксіздігі және парктің ұзақ уақыт бойы дамытылмағаны белгілі болған.

Алматы қалалық «AMANAT» партиясы филиалының төрағасы Станислав Канкуров Family Park мәселесі тек жеке кәсіпкерлік шеңберінен шығып кеткенін айтты.

«Бұл жай ғана коммерциялық нысан емес, алматылықтардың сүйікті демалыс орындарының бірі. Егер жер пайдаланушы өз міндеттемелерін орындамаса және тұрғындарға қауіпсіз әрі жайлы жағдай жасамаса, заң аясында шара қабылдануы тиіс. Тіпті нысанды мемлекет меншігіне қайтаруға дейін баруға болады», - деді ол.

Ал Алматы қаласының Жер ресурстарын басқару департаменті басшысы Ержан Ташпенбетов тексеру барысында жер телімін беру кезінде заңбұзушылықтар анықталғанын мәлімдеді.

Оның айтуынша, жер телімінің нысаналы мақсатын өзгерту және жалға беру рәсімдері бастапқы жер пайдалану құқығы толық рәсімделмей жүргізілген. Осыған байланысты заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілген.

Егер талаптар белгіленген мерзімде орындалмаса, әкімдік қаулысын және жерді жалға беру шартын жарамсыз деп тану үшін сотқа талап-арыз жолданады.

Сайт Әкімшілігі