«Қазақмыс» кеніштерінің біріндегі шахтерлер жұмысты тоқтатып, еңбек жағдайларын жақсартуды талап етті
Олар жалақы көлеміне және басшылықтың әрекеттеріне наразылық білдіруде.
«Қазақмыс корпорациясының» Оңтүстік Жезқазған кенішіне қарасты Сәтбаев қаласындағы шахталардың бірінің жұмысшылары жұмысты уақытша тоқтатып, бірқатар талап қойды.
Бұл туралы жағдайдан хабардар кәсіпорынның бұрынғы қызметкері Дауд Байкенжеев «Власть» басылымына мәлімдеді.
Бейсенбі күні «Қазақмыс» басшылығы да еңбек ұжымымен кездесу өткізгенін және жұмысшылардың талаптары қаралатынын хабарлады.
Байкенжеевтің айтуынша, жұмысшылар жалақыны 50 пайызға арттыруды, жыл сайынғы еңбек демалысы кезінде орташа жалақының сақталуын, кадр тапшылығы мәселесін шешуді және талап қойған қызметкерлерді қудаламауды сұраған. Сонымен қатар олар қазіргі басшылықтың жұмысына да наразылық білдірген.
Алдын ала мәлімет бойынша, наразылықтың негізгі себептерінің бірі мамыр айындағы еңбекақыны есептеу мәселесіне байланысты болған.
Байкенжеев өндірісте жарақат алған немесе кәсіптік ауруға шалдыққан жұмысшылардың жағдайы да өзекті мәселе болып отырғанын айтты. Оның сөзінше, бұрынғы қызметкерлер Азаматтық кодекске енгізілген өзгерістерге наразы. Соның салдарынан 2025 жылдың 10 мамырынан кейін өндірісте жарақат алған азаматтарға төленетін регрестік төлемдер тоқтатылған.
Кейінірек Байкенжеев жұмысшылардың корпорация басшылығымен кездескенін хабарлады.
– Олардың талаптары толық қанағаттандырылған жоқ. Басшылық «уақыт беріңіздер» деп сұрады. Нәтижесінде түнгі ауысым толық құрамда жұмысқа шығуға келісті, бәрі тарасты, – деді ол.
Өз кезегінде «Қазақмыс» компаниясы еңбек ұжымы өкілдерімен жұмыс кездесуі өткенін мәлімдеді. Компанияның хабарлауынша, жұмысшылар көтерген барлық мәселелер белгіленген тәртіппен әрі қарай қарау үшін қабылданған.
Компания мәлімдемесінде талаптардың басым бөлігі өткен жылдары қаржыландырудың жеткіліксіз болуына байланысты техника мен жабдықтардың жағдайына қатысты екені айтылған. Алайда жалақыны көтеру туралы талаптар мен басшылыққа қатысты наразылық жөнінде сөз қозғалмаған.
Сондай-ақ компания кәсіпорынның қазіргі уақытта штаттық режимде жұмыс істеп жатқанын жеткізді.
Ұлытау облысы әкімдігінде бұл жағдайға қатысты телефон арқылы пікір беруден бас тартты.
Дегенмен, «Азаттық Азияға» берген түсініктемесінде облыс әкімдігі ереуіл болғанын растады. Әкімдік мәліметінше, басқарма төрағасының өндіріс жөніндегі орынбасары Саят Бакиров Оңтүстік Жезқазған кенішінің №65 шахтасының шамамен жүзге жуық жұмысшысымен кездесіп, басқарма төрағасы Руслан Өскенәлімен келіссөз жүргізу үшін бастамашыл топ құру мәселесін талқылаған.
Әкімдік өкілдері жағдайдың бақылауда екенін және өңірдегі ахуал тұрақты екенін мәлімдеген.
Кейінірек «Қазақмыс корпорациясы» басқарма төрағасы Руслан Өскенәлідің Оңтүстік Жезқазған кенішіне барып, жұмысшылардың талаптарын тыңдағанын хабарлады. Оның айтуынша, қызметтік тексеру аяқталғанға дейін басқарма төрағасының орынбасары қызметінен уақытша шеттетіледі.
Компания сондай-ақ қызметкерлердің әл-ауқатын кезең-кезеңімен жақсарту бағытын ұстанатынын атап өтті. Бірақ мұндай шешімдер кәсіпорынның қаржылық тұрақтылығы, өндірістік-инвестициялық бағдарламалардың орындалуы және еңбек ұжымының ұзақ мерзімді мүдделері ескеріле отырып қабылданатынын мәлімдеді.
Руслан Өскенәлі көтерілген мәселелердің басым бөлігі ұзақ жылдар бойы қордаланғанын және оларды шешу үшін жүйелі жұмыс қажет екенін айтты.
– Компанияның жаңа басшылығы акционерлердің қолдауымен өндірістік активтерді жаңғырту, жабдықтарды жаңалау, қауіпсіздік деңгейін арттыру және жұмысшылардың еңбек жағдайын жақсарту бағдарламасын жүзеге асырып жатыр, – деп хабарлады «Қазақмыс».