Әлеумет

Трамп: АҚШ пен Иран соғысты тоқтату туралы келісімге жақын

АҚШ президенті Дональд Трамп Вашингтон мен Тегеран соғысты тоқтату және Ормуз бұғазын ашу туралы келісімге жақындағанын мәлімдеді.

Фото: Reuters

 Бұл туралы ол Truth Social платформасында жазды.

Трамптың сөзінше, келісімнің негізгі бөлігі келісілген.

«Қазір құжаттың соңғы тұстары мен техникалық детальдары талқыланып жатыр. Жақын уақытта жарияланады», – деді ол.

Ал Иранның әскери өкілі X платформасында Тегеран қандай жағдайда да Ормуз бұғазына бақылауды сақтап қалатынын мәлімдеді.

Axios порталының дерегінше, дайындалып жатқан меморандум 60 күндік бітімді ұзартуды көздейді. Осы кезеңде Ормуз бұғазы кемелер үшін ашылып, Иран бұғазды миналардан тазартуға міндеттеледі.

Бұған жауап ретінде АҚШ Иран порттарына қойылған блокаданы алып тастап, иран мұнайын экспорттауға қатысты бірқатар санкциялық жеңілдіктер береді.

Жобаға сәйкес, Иран ядролық қару жасамауға міндеттеме алып, уран байыту бағдарламасын тоқтату мен жоғары деңгейде байытылған уран қорын елден шығару жөнінде келіссөз жүргізуге келіскен.

Ал АҚШ 60 күн ішінде санкцияларды жою және Иран активтерін бұғаттан шығару мәселесін талқылауға дайын екенін білдірген.

Иранның Fars агенттігі Тегеран соғысқа дейінгі деңгейде кеме қатынасын қалпына келтіруге келіскенін хабарлады. Бірақ бұл «толық еркін өткел» дегенді білдірмейді. Бұғазды бақылау мен рұқсат беру құқығы Иранның қолында қалады.

Иран президенті Масуд Пезешкиан дипломатиялық келісімге дайын екенін айтқанымен, АҚШ-қа сенімсіздік сақталып отырғанын мәлімдеді.

«Келіссөзге дайынбыз. Бірақ АҚШ-пен өткен тәжірибе бізді аса сақ болуға мәжбүрлейді», – деді Пезешкиан.

Axios мәліметінше, келісім толық күшіне енбейінше АҚШ әскері аймақтан шығарылмайды. Сонымен қатар құжатта Израиль мен Иран қолдайтын «Хезболла» қозғалысы арасындағы соғысты тоқтату мәселесі де қамтылған.

Ақ үй соңғы келіспеушіліктерді жақын сағаттарда шешіп, мәмілені 24 мамырда жариялауды жоспарлап отыр.

Алайда АҚШ пен Израильде бұл келісімге сын айтушылар көбейіп жатыр. Израильдік сарапшы Дэнни Цитринович премьер-министр Биньямин Нетаньяху бұл жағдайды жеке әрі саяси жеңіліс ретінде қабылдап отырғанын жазды.

Оның пікірінше, Нетаньяху әскери қысым Иранды капитуляцияға мәжбүрлейді немесе режимді әлсіретеді деп сенген.

«Бірақ нәтиже керісінше болды. Қазір Иран бұрынғыдан да радикал, төзімді әрі қауіпті мемлекетке айналды. Тіпті Вашингтонның өзі оған қайта әскери жолмен қарсы шығуға батпай отыр», – деді сарапшы.

Ал Техас штатынан сайланған республикашыл сенатор Тед Круз ықтимал келісімді «қателік» болуы мүмкін деп атады.

Сайт Әкімшілігі