Бүгін тыңдалмаған бала – ертең тыңдай алмайтын ата-анаға айналады
Соңғы уақытта елімізде балалар мен жасөспірімдер арасында суицид фактілері жиіліп кетті. Күллі әлемнің дертіне айналған бұл құбылыс біздің қоғамды да айналып өтпесі анық. Осы орайда билік жасөспірімдер мен балалар арасындағы суицидтің алдын алуға бағытталған шараларды қолға алып, жүйелі түрде айналысып келе жатқанына біраз уақыт болды. Сондай өңірдің бірі - Түркістан облысы. Мұнда нақты жұмыстың оң нәтижесі де айтарлықтай.
Осы орайда жасөспірімдер арасындағы суицидтің себептері не? Оның алдын қалай аламыз? Бұл турасында Түркістан облысы Білім беруді дамыту орталығының Тәрбие және әлеуметтік психология кафедрасының әдіскері Мәдина Мұсабаевамен сұхбат құрдық.
– Қазақстанда балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицид мәселесі өршіп тұрғанын білеміз. Суицид туралы айтқанда, көпшілік көбіне бір ғана себеп іздейді. Ал психологтар мұндай шешімге жасөспірімдер әдетте бірнеше факторлардың әсерінен баратынын айтады. Сонда негізгі себептері қандай?
– Жасөспірім шақтың өзі психологиялық тұрғыдан өте осал кезең. Бұл уақытта мидың эмоцияларға жауап беретін бөліктері өте белсенді жұмыс істегенімен, шешім қабылдау, қауіп-қатерді бағалау, импульсті бақылау сияқты қызметтерге жауап беретін маңдай бөлігі толық жетіліп үлгермейді. Сондықтан жасөспірімдер эмоциялық ауыртпалықты ересектерге қарағанда әлдеқайда өткір қабылдайды және қиындықтың уақытша екенін бағамдай алмай, оны өмірдің соңы сияқты сезінуі мүмкін. Ғылымда мұны «эмоциялық туннельдік ойлау» деп сипаттайды, яғни адам дәл сол сәтте ауырсынудан басқа ештеңені көрмейді. Отбасындағы ахуал – ең маңызды факторлардың бірі. Бірақ мұнда мәселе тек толық немесе толық емес отбасы туралы емес. Кейде материалдық жағдайы жақсы, сырт көзге үлгілі көрінетін отбасылардың өзінде эмоционалдық байланыс әлсіз болады. Бала тыңдалмайды, сезімі еленбейді, жетістігі ғана бағаланады. Кейбір ата-аналар «жылама», «еркек жыламайды», «сенде ешқандай проблема жоқ» деген сөздерді тәрбиенің бір бөлігі деп есептейді. Алайда осындай сөздер баланың өз эмоциясын жоққа шығаруына әкеліп, уақыт өте келе ішкі жалғыздықты күшейтеді. Мектеп ортасы да шешуші рөл атқарады. Соңғы жылдары буллинг пен кибербуллингтің ықпалы айқын байқалып отыр. Бұрын бала мектептен шыққан соң қысымнан уақытша болса да құтылатын. Ал қазір әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің арқасында қорлау тәулік бойы жалғасуы мүмкін. Бір ғана келемеждейтін видео немесе жалған ақпарат мыңдаған адамның алдына таралып кетеді. Жасөспірім үшін бедел мен құрдастарының пікірі өте маңызды болғандықтан, мұндай жағдай оның өзін толықтай қоғамнан шеттетілгендей сезінуіне себеп болады. Кейбір халықаралық зерттеулер тұрақты кибербуллингке ұшыраған балаларда депрессия мен суицидтік ойлардың даму қаупі бірнеше есе жоғары екенін көрсетеді.
Тағы бір назар аударатын мәселе – қазіргі жастар өмір сүріп отырған ақпараттық орта. Әлеуметтік желілер үздіксіз салыстыру мәдениетін қалыптастырды. Басқалардың жетістігі, сыртқы келбеті, қаржылық мүмкіндігі мен «мінсіз өмірі» күн сайын көз алдында тұрады. Мұндай контенттің басым бөлігі шынайы өмірді көрсетпесе де, жасөспірім өзін сол виртуалды стандарттармен салыстырады. Соның салдарынан «мен жеткіліксізбін», «менің өмірім мәнсіз» деген ойлар күшейеді.
– Жаңалықтарды аша қалсақ, бесіктен белі шықпаған, мектепке енді барған балалардың өзі суицид жасағанын, өмірден тәрк еткісі келгені туралы айтып жатады. Сонда кішкентай балаға өмірден өз бетімен қол үзу туралы ой қайдан пайда болады? Сол қызық…
– Ұрық ана құрсағында жатқан кездің өзінде оның жүйке жүйесі қарқынды қалыптасады. Егер ана жүктілік кезінде ұзақ уақытқа созылған күйзелісті, қорқынышты, зорлық-зомбылықты немесе ауыр депрессиялық жағдайды бастан кешірсе, стресс гормондарының жоғары деңгейі ұрықтың жүйке жүйесінің дамуына белгілі бір дәрежеде әсер етуі мүмкін. Кейбір зерттеулер мұндай балалардың кейін эмоционалдық тұрақсыздыққа, үрейге немесе күйзеліске сезімтал болуы ықтимал екенін көрсетеді. Бірақ бұл олардың болашақта міндетті түрде психикалық ауруға шалдығады немесе суицидке барады деген сөз емес. Биология – тәуекелдің бір ғана бөлігі. Баланың кейін қандай ортада өсетіні, қандай қамқорлық көретіні әлдеқайда маңызды.
Тағы бір маңызды мәселе – балалар ересектердің мінез-құлқын бақылау арқылы үйренеді. Егер үйде немесе айналасында үнемі «өліп кеткім келеді», «тіршіліктен шаршадым», «өмір сүргім келмейді» деген сөздер айтылатын болса, бала мұны ауыр күйзеліске жауап берудің қалыпты тәсілі ретінде қабылдауы ықтимал. Бұған қоса, қазіргі балалар интернетпен өте ерте танысады. Әлеуметтік желілер, қысқа видеолар, түрлі жаңалықтар арқылы олар бұрын ересектер ғана білетін тақырыптарға еркін қол жеткізеді. Кейде ата-аналар баласының не көріп, не оқып жүргенінен мүлде бейхабар болады.
– Қазіргі қазақ қоғамында баласына моральдық әрі психологиялық қолдау көрсететін, маманға апаратын ата-аналар аз. Бұрын жасөспірімдердің ішкі күйі баланың қиялы сияқты қабылданатын. Сол ойдан әлі шыға алмай жүрміз. Балалар мен жасөспірімдер ата-анасынан, жақындарынан қолдау таппай жатады. Мұның салдары қандай болмақ?
– Бұл – бүгінгі қазақ қоғамындағы ең өзекті әрі ең аз талқыланатын мәселелердің бірі. Біз әлі күнге дейін баланың дене қызуы көтерілсе дәрігерге апарамыз, бірақ оның жан дүниесінде ауыр күйзеліс басталса, көбіне «өзі өсіп кетеді», «өтпелі кезең ғой», «еркелейді», «басқа балалар да осылай жүрген» деген түсінікпен шектелеміз. Өкінішке қарай, мұндай көзқарас кейде өте ауыр салдарға әкелуі мүмкін. Бала кез келген мәселесін айтып келгенде сөкпейтінін, кемсітпейтінін, тыңдайтынын білсе, бұл оның психологиялық күйін әлдеқайда тұрақты етпек. Кейбір халықаралық зерттеулерде ата-анамен сенімді қарым-қатынасы бар жасөспірімдер арасында суицидтік ойлардың жиілігі едәуір төмен болатыны көрсетілген. Тағы бір маңызды мәселе – психологиялық көмекке деген көзқарас. Өкінішке қарай, бізде әлі күнге дейін психологқа баруды «ауру адамның ісі» немесе «ұят» деп қабылдайтындар бар. Соның кесірінен көптеген отбасы маманға тым кеш жүгінеді. Ал психикалық денсаулықта уақыт факторы өте маңызды. Егер күйзеліс ерте анықталса, оның алдын алу мүмкіндігі әлдеқайда жоғары болмақ. Баланың қолдау таппауының салдары тек суицид қаупімен шектелмейді. Мұндай балаларда депрессия, үрей бұзылыстары, өзіне деген сенімсіздік, агрессия, тәуелді мінез-құлық, оқудан алыстау, әлеуметтік оқшаулану сияқты мәселелер жиі кездеседі. Кейде бұл жарақат ересек өмірге де жалғасады. Бала кезінде сезімін ешкім тыңдамаған адам кейін өзі де эмоциясын білдіре алмайтын, өзгеге сенуі қиын немесе өз баласымен жақын қарым-қатынас орната алмайтын ересекке айналуы мүмкін. Психологияда мұны ұрпақтан ұрпаққа берілетін эмоционалдық үлгі деп қарастырады. Яғни бүгін тыңдалмаған бала – ертең тыңдай алмайтын ата-анаға айналуы әбден мүмкін.
С.Бақберген Түркістан облысы