Соңғы бір жылда Алматыда 37 білім беру нысаны пайдалануға берілді
2025 жылғы мамыр мен 2026 жылғы сәуір аралығында Алматыда 37 білім беру нысаны іске қосылып, 39 775 оқушы орны құрылды. Бұл туралы қалалық Білім басқармасы хабарлады.
Ведомство мәліметінше, аталған шаралар мектептердегі орын тапшылығын азайтуға және заманауи білім беру инфрақұрылымын дамытуға бағытталған. Қала әкімдігі үшін білім беру жүйесін дамыту мен оқушыларға қолайлы жағдай жасау басым бағыттардың бірі болып қала береді.
«Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 34 200 орынға арналған 20 жаңа мектеп салынды. Сонымен қатар, 1 480 орындық жеті мемлекеттік балабақша, екі қосымша білім беру орталығы және 100 орындық жатақханасы бар 1 050 орындық Алматы телекоммуникация және машина жасау колледжі пайдалануға берілді.
Қала әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен Алматыда әлеуметтік инфрақұрылым қажеттіліктерінің картасы әзірленген. Оған сәйкес, 2030 жылға дейін 105 мың орынға арналған 69 мектеп салу жоспарланып отыр.
Жаңа нысандар салумен қатар, қалада білім беру мазмұнын жаңарту жұмыстары да жүргізілуде. Қазіргі таңда бес мемлекеттік мектепте – №4 мектеп-интернатта, №27, №105, №159 Ы. Алтынсарин атындағы және №201 гимназияларда халықаралық бакалавриат (IB) бағдарламасын енгізу бойынша пилоттық жоба іске асырылып жатыр.
Жоба халықаралық білім беру стандарттарын енгізуге, заманауи оқыту тәсілдерін дамытуға және оқушылардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған. Бүгінде №159 және №201 гимназиялар халықаралық аккредитациядан өтіп, MYP бағдарламасы бойынша IB World School мәртебесін алған.
Сонымен қатар, мектептерде жасанды интеллект құралдары енгізілуде. Қазіргі таңда бұл экожүйе педагогтерді, оқушыларды және әкімшілік қызметкерлерді қоса алғанда 205 мыңнан астам пайдаланушыны қамтып отыр.