Қоғам

Қазақстанның бірқатар өңірінде жаңбыр соңы қарға ұласуы мүмкін

Синоптиктер 23–25 мамырға арналған ауа райы болжамын жариялады.

Фото: Pixabay

Алдағы күндері елдің бірнеше өңірінде ауа райы құбылмалы болады.

Мамандардың мәліметінше, Қазақстанның солтүстігінде, оңтүстігінде және оңтүстік-батысында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Ал шығыс аймақтарда түнгі уақытта жауын-шашын жаңбыр мен қар түрінде түсуі мүмкін.

23 мамырда Түркістан, Алматы және Жамбыл облыстарында қатты жаңбыр жауып, бұршақ түседі деп күтіледі. Сонымен қатар екпінді жел соғуы мүмкін.

24–25 мамыр күндері оңтүстік-шығыстағы таулы өңірлерде түнде жауған жаңбырдың соңы қарға ұласуы ықтимал. Ал елдің қалған бөлігінде көбіне жауын-шашынсыз ауа райы сақталады.

Синоптиктер республика бойынша желдің күшейетінін ескертті. Оңтүстік аймақтарда шаңды дауыл көтерілуі мүмкін. Сондай-ақ түнгі және таңғы уақытта тұман түседі деп болжанып отыр.

Солтүстік-шығыс, шығыс және орталық өңірлерде түнде ауа температурасы 1–3 градусқа дейін төмендеп, үсік жүруі мүмкін.

Сайт Әкімшілігі