Сәрсемәлиев үш адамды қасақана өлтіргенін, бір өлімнің «абайсызда» болғанын айтты
Атырау облысында резонанс тудырған Жангелдин ауылындағы қылмысқа қатысты сот процесі жалғасып жатыр.
Бүгін Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотында айыпталушы Сұлтан Сәрсемәлиев жауап беріп, кінәсін жартылай мойындады.
Соттағы жауабында ол Наурыз Мұқанғалиевті қасақана өлтірді деген айыппен келіспейтінін айтты. Айтуынша, марқұмның өлімі абайсызда болған, ал өзі «өзін қорғау мақсатында әрекет еткен».
Алайда қалған эпизодтар бойынша Сәрсемәлиев басқа мәлімдеме жасады. Ол Мақсот Қарабалинге пышақпен тоғыз рет, Үтешқалиеваға сегіз рет, ал Мейрамгүл Қарабалинаға 32 рет пышақ сұққанын мойындады. Айыпталушы бұл әрекеттерді қасақана жасағанын растады.
Сонымен қатар ол ұрлық, алаяқтық және құжаттарды заңсыз иемдену баптары бойынша да кінәсін мойындады. Оның сөзінше, қылмыстан кейін ізін жасыру үшін осындай әрекеттерге барған.
Осылайша, Сәрсемәлиев өзіне тағылған 13 айыптың ішінде тек Наурыз Мұқанғалиевтің өліміне қатысты «қасақана адам өлтіру» бабымен ғана келіспейтінін мәлімдеді.
Еске салайық, Жангелдин ауылындағы жаппай кісі өлтіру ісі Атырау облысында үлкен қоғамдық резонанс туғызған болатын. Тергеу нұсқасына сәйкес, қаза тапқандар айыпталушының бұрынғы әйелінің туыстары болған.