Оқиғалар

Алматы тауларында адасып кеткен ирандық студентті құтқарушылар тауып алды

Алматы маңындағы тауда жоғалып кеткен шетелдік студентті құтқарушылар аман-есен тауып, төменге түсірді.

Фото: ТЖМ

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, оқиға Көкжайлау шатқалы ауданында болған. Жаяу серуенге шыққан ирандық студент туристік топтан қалып қойып, бағытын жоғалтып алған. Оның ұялы телефоны байланыс аймағынан тыс болғандықтан, жақындарымен хабарласа алмаған.

Студентті іздеуге түнгі уақытта «Барыс» жедел-құтқару тобы жұмылдырылды. Іздестіру жұмыстары барысында құтқарушылар жас жігітті тау беткейінен тапқан. Белгілі болғандай, ол сол жерде ұйықтап жатқан.Мамандардың айтуынша, студент медициналық көмекке мұқтаж болмаған. Құтқарушылар оны қауіпсіз түрде таудан түсіріп, жақындарына тапсырды.

ТЖМ азаматтарға тауға шығар алдында жақындарына баратын бағыты мен оралатын уақытын алдын ала хабарлап отырудың маңызын тағы бір мәрте еске салды.

Сайт Әкімшілігі