Қоғам

Иран мен Израиль әскери операцияларды тоқтататынын мәлімдеді

Иран мен Израиль бір-біріне қарсы әскери іс-қимылдарды уақытша тоқтататынын жариялады.

Фото: ашық дереккөз

Иранның Tasnim агенттігінің хабарлауынша, Тегеран Ливанға жасалған шабуылдарға жауап ретінде Израильге ауыр соққы бергенін мәлімдеген.

Иран тарапының мәлімдеуінше, әскери операциялар тоқтатылғанымен, егер агрессиялық әрекеттер, соның ішінде Ливанның оңтүстігіндегі шабуылдар жалғасатын болса, жауап бұрынғыдан да қатаң әрі жойқын болмақ.

Өз кезегінде Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Иранға қарсы шабуылдар әзірге тоқтатылғанын айтты. Сонымен қатар ол шабуылдар қайта жалғасқан жағдайда Израильдің Тегеран мен «Хезболла» күштеріне соққы жасауға дайын екенін ескертті.

«Бүгінде Иран мен “Хезболла” бұрынғыдан әлсіз, ал Израиль күштірек. Бірақ бұл күрес аяқталған жоқ», – деді Нетаньяху халыққа үндеуінде.

Сондай-ақ Израиль Қорғаныс армиясының тыл қолбасшылығы соңғы шиеленіске байланысты енгізілген қауіпсіздік шектеулерінің алынғанын хабарлады. Бұл шешім елдегі мектептер мен басқа да білім беру ұйымдарының қалыпты жұмысын қайта бастауына мүмкіндік береді.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Иран Израиль