Иран АҚШ-пен келісім аясында ел экономикасын қалпына келтіруге 300 миллиард доллар талап етті
Иран АҚШ-пен әзірленіп жатқан меморандум жобасына ел экономикасын қалпына келтіру үшін 300 миллиард доллар бөлу талабын енгізді.
Mehr агенттігінің құжат мазмұнымен таныс дереккөздерге сілтеме жасап хабарлауынша, меморандум жобасы 14 тармақтан тұрады және Тегеран мен Вашингтон арасындағы қарым-қатынасты кезең-кезеңімен қалыпқа келтіруді көздейді.
Иранның негізгі талаптарының қатарында санкциялар мен теңіз блокадасын толық алып тастау, бұғатталған 24 миллиард доллар көлеміндегі активтерді босату, Иран мен Ливандағы әскери іс-қимылдарды тоқтату, сондай-ақ АҚШ әскерін Иранға жақын аумақтардан шығару бар.
Келісімнің жеке бөлімі ядролық бағдарламаға арналған. Иран Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа адалдығын растауға және ядролық мәселелер бойынша түпкілікті шешім әзірлеу үшін 60 күндік келіссөздерді бастауға дайын екенін білдірген.
Axios басылымының мәліметінше, талқыланып жатқан келісім аясында Иран ядролық қару жасамау және халықаралық инспекторлардың бақылауымен уранды байыту деңгейін шектеу жөнінде міндеттеме алуға да әзір. Басылым мұндай шарттардың жалпы алғанда АҚШ талаптарына сәйкес келетінін атап өтеді.
Меморандумға сәйкес, түпкілікті келісім БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарарымен бекітілуі тиіс. Сондай-ақ келісімдердің орындалуын бақылау үшін арнайы мониторинг тетігін құру ұсынылған.
Иран Сыртқы істер министрлігі жарияланған құжаттың әзірге соңғы нұсқа емес екенін және әлі де келісуді қажет ететінін мәлімдеді.
11 маусым күні АҚШ президенті Дональд Трамп келісімнің соңғы дайындық кезеңіне жеткенін айтқан болатын. Оның сөзінше, тараптарға тек құжаттарға қол қою ғана қалған.
Ал Иран Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Исмаил Ибраһимнің мәлімдеуінше, келісім мәтіні бойынша жұмыстар негізгі бағыттар бойынша іс жүзінде аяқталған.
13 маусымда Трамп Иранмен келісім туралы құжатқа АҚШ 14 маусымда қол қоятынын мәлімдеді.