Леңгірде бетперде киген бірнеше адам үйге кіріп, әйелді таңға дейін ұрған
Түркістан облысының Леңгір қаласында бетперде киген бірнеше адам тұрғын үйге басып кіріп, әйелді байлап, бірнеше сағат бойы ұрып-соққан. Бұл туралы қоғам белсендісі Айгүл Орынбек әлеуметтік желідегі парақшасында (Facebook) жазды.
Белсендінің айтуынша, оқиға түнгі сағат 02:00 шамасында болған. Бірнеше адам маска тағып, үйге кіріп, әйелді байлап, таңғы сағат 05:00-ге дейін ұстап отырған. Осы уақыт аралығында оны ұрып-соққан деген ақпарат бар.
Оқиғадан кейін шабуыл жасағандар үйден кетіп қалған. Әлеуметтік желіде жарияланған видеода зардап шеккен әйелдің бет-әлпеті көрсетілген. Оның бетінде ісік, жарақат және қан іздері байқалады. Алайда видеода шабуылдың өзі емес, оның салдары түсірілген. Айгүл Орынбек болған жағдайды тұрғындардың қауіпсіздігіне қатысты алаңдатарлық белгі деп бағалап, полициядан шабуылға қатысы бар адамдардың барлығын анықтап, істің мән-жайын жан-жақты тексеруді сұрады.
«Бүгін зардап шеккен әйелдің үйіне кіргендер ертең кімнің есігін қағады?» деген белсенді құқық қорғау органдарын істі толық әрі ашық тергеуге шақырды.
Әзірге Түркістан облысының полиция департаменті оқиғаға қатысты ресми ақпарат берген жоқ. Күдіктілердің ұсталғаны туралы да расталған мәлімет жоқ. Оқиғаның нақты себептері, шабуылдың мотиві және оған қатысы бар адамдардың кім екені әзірге белгісіз.