Шымкент колледждерінде 1,3 миллиард теңгеден астам қаржы жымқыру фактісі анықталды
Шымкентте білім саласына бөлінген бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша тергеу аяқталды, деп хабарлайды Қаржылық мониторинг агенттігі.
«Мемлекетке келтірілген жалпы шығын 1,3 миллиард теңгеден асты. Бір қызығы, схеманы ұйымдастырған адам бұған дейін жасаған ұрлығы үшін соңғы үш жыл бойы түрмеде отырған және сол жерден заңсыз әрекеттерді басқарған», – делінген агенттік таратқан хабарламада.
ҚМА мәліметінше, 2018-2023 жылдар аралығында «Оңтүстік Қазақстан жоғары медициналық колледжі» ЖШС мен «Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық-қаржы колледжі» ЖШС құрылтайшысы жалған оқыту схемасын ұйымдастырған.
Іске колледж басшылары, бухгалтерлер және басқа да аффилиирленген тұлғалар қатысқан. Азаматтар оқу орындарына формалды түрде қабылданғанымен, іс жүзінде білім алмаған. Соның арқасында мемлекеттік білім беру тапсырысы және кадрларды қайта даярлау бағдарламалары аясында қаржы алынған.
Агенттік мәліметінше, схема жалған қабылдау және жұмысқа орналастыру туралы бұйрықтар жасау, құжаттарды растау үшін электрондық цифрлық қолтаңбаларды пайдалану, сондай-ақ жалған орындалған жұмыс актілерін рәсімдеу арқылы жүзеге асқан.
Сонымен қатар медициналық колледждегі ақылы бөлім студенттерінің бір бөлігі мемлекет есебінен оқитын студенттер ретінде рәсімделген. Ал «Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық-қаржы колледжі» іс жүзінде жұмыс істемеген және тек бюджет қаржысын алу үшін формалды құрылым ретінде пайдаланылғаны анықталған.
Тергеу барысында күдіктілер мемлекетке 65 миллион теңгені ерікті түрде өтеген.
Сот санкциясымен үш пәтерге, оның ішінде Дубайдағы жылжымайтын мүлікке, сондай-ақ үш тұрғын үй мен үш автокөлікке тыйым салынды.
Ведомство мәліметінше, екі күдікті қамауға алынған. Тағы үш адамға қатысты елден шықпау және тиісті мінез-құлық туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған. Қылмыстық іс сотқа жолданды.