Қоғам

CPJ Қазақстан билігін журналист Лұқпан Ахмедияровқа қысым жасамауға шақырды

Халықаралық Журналистерді қорғау комитеті (CPJ) Қазақстан билігін тәуелсіз журналист Лұқпан Ахмедияровқа қатысты елден шығу шектеуін алып тастап, оған қысым көрсетуді тоқтатуға үндеді.

Фото: ашық дереккөз

CPJ мәліметінше, Ахмедияров 3 тамыз күні отбасымен Черногорияға демалысқа ұшпақ болған кезде Астана әуежайында өзіне елден шығуға тыйым салынғанын білген. Журналистің айтуынша, шектеудің нақты себебі түсіндірілмеген. Ахмедияров бұл жағдайды 31 шілдеде полицияның өзінен әлеуметтік желідегі жарияланымдарына байланысты түсініктеме алуымен байланыстыруы мүмкін екенін айтқан.

Атап айтқанда, ол Украина тарапы жариялаған, Ресейдің Украинадағы соғысына қатысып жүр делінген Қазақстан азаматтарының тізімін бөліскен. Кейін тізімде аты аталған екі адам журналисті жауапқа тартуды талап еткен.

CPJ бұл жағдайды журналистің кәсіби қызметіне қысым көрсету ретінде бағалап, соңғы уақытта Қазақстанда тәуелсіз журналистерге қатысты қылмыстық істердің көбейіп бара жатқанына алаңдаушылық білдірді.

Ұйым сондай-ақ Лұқпан Ахмедияровтың бұған дейін де қысымға ұшырағанын атап өтті. Атап айтқанда, оның әлеуметтік желідегі парақшалары бұғатталып, жарияланымдары өшірілген, ал биыл шілде айында белгісіз біреулер оның көлігіне бояу шашып кеткен.

CPJ Қазақстан билігін осы оқиғалардың барлығын жан-жақты тексеруге шақырды.

Сайт Әкімшілігі