БАӘ Иранға қарсы жасырын шабуылдар жасаған – БАҚ
Біріккен Араб Әмірліктері Иран тарапынан жасалған шабуылдарға жауап ретінде Иран аумағына әскери соққылар жасаған.
Бұл туралы The Wall Street Journal басылымы дереккөздерге сілтеме жасап хабарлады.
Басылым мәліметінше, Иран бірнеше рет соққы жасаған ел енді соғыстың белсенді қатысушысы ретінде көріне бастаған.
БАӘ-нің Лаван аралына жасаған шабуылы
Абу-Даби ресми түрде Иранға қарсы шабуыл жасағанын әлі мойындаған жоқ. Алайда WSJ деректеріне сүйенсек, БАӘ қарулы күштерінің соққыларының бірі сәуір айының басында Парсы шығанағындағы Иранның Лаван аралындағы мұнай өңдеу зауытына бағытталған.
Дәл сол кезеңде АҚШ президенті Дональд Трамп АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысындағы бітім туралы жариялаған еді. Бұл соғыс басталғаннан шамамен бес апта өткен соң болған.
Сол кезде Иран Лаван аралындағы мұнай өңдеу зауытына қарсы «жау шабуылы» жасалғанын мәлімдеп, жауап ретінде БАӘ мен Кувейтке зымыран және дрон шабуылдарын ұйымдастырған.
WSJ сұхбаттасқан дереккөздердің бірі АҚШ Лаван аралына жасалған шабуылға наразы болмағанын айтқан. Себебі Вашингтон жариялаған бітім ол кезде әлі күшіне енбеген.
Сонымен қатар АҚШ Парсы шығанағындағы елдердің, оның ішінде БАӘ-нің соғыс қимылдарына қатысуын «артық шу шығармай құптағаны» айтылды.
БАӘ Сыртқы істер министрлігінің өкілі Лаван аралына жасалған ықтимал соққыға түсініктеме беруден бас тартты. Бірақ ол Абу-Дабидің бұрын жасаған мәлімдемелеріне сілтеме жасап, елдің өзіне қарсы дұшпандық әрекеттерге, оның ішінде әскери жолмен де жауап беру құқығы бар екенін еске салды.
Ал Пентагон бұл мәселеге қатысты пікір білдіруден бас тартқан.
Иранның БАӘ-ге қарсы шабуылдары
WSJ мәліметінше, соғыс басталғалы бері Иран БАӘ аумағына жалпы саны 2800 дрон мен зымыран жіберген. Бұл көрсеткіш Иранның Израильді қоса алғанда кез келген басқа елге жасаған шабуылынан көп екені айтылған.
Бұл шабуылдар Әмірліктердің авиация саласына, туризміне және жылжымайтын мүлік нарығына ауыр соққы болған. Ел компанияларында қызметкерлерді қысқарту және жалақысыз демалысқа жіберу жағдайлары көбейген.
«Бұл шабуылдар БАӘ-нің стратегиялық бағытын түбегейлі өзгертті. Енді Иран шетелдік мамандарды тарту мен қауіпсіз әрі тұрақты мемлекет ретіндегі беделге негізделген БАӘ-нің экономикалық және әлеуметтік моделін әлсіретуге тырысатын ел ретінде қарастырылады», – деп жазады WSJ Парсы шығанағы елдеріндегі шенеуніктердің пікіріне сүйеніп.
Басылым БАӘ-нің әскери-әуе күштері қуатты екенін атап өтті. Елдің қару-жарағында француздың Mirage жойғыштары мен америкалық заманауи F-16 ұшақтары бар. Сонымен қатар Әмірліктердің әскери ұшқыштары жоғары дайындық деңгейімен ерекшеленеді.