Қарқаралы қымыз бен дала дәстүрлерінің ордасына айналды
Қарқаралылықтар еліміздегі ең үздік қымыз өндірушілердің бірі екенін тағы бір мәрте дәлелдеп отыр. Өткен жылы Астанада өткен алғашқы «BaiQymyz» фестивалінде Тегісшілдік ауылындағы «Қарынши» шаруа қожалығы жүлдегерлер қатарынан көрінген болатын.
Ал биыл Ұлы даланың қасиетті сусынына арналған ауқымды мерекені Қарқаралы ауданының өзі қабылдауда.
Алғаш рет ұйымдастырылып отырған өңіраралық «BaiQymyz-2026» этно-гастрофестивалі Қарағанды облысы әкімдігінің қолдауымен және демеушілер — Eurasian Resources Group (ERG) мен Integra Construction KZ холдингінің қолдауымен өтуде.
Ауқымды мереке Қазақстанның әр өңірінен, сондай-ақ Ресей мен Қырғызстаннан келген мыңдаған қонақтың басын қосты.
Қарқаралы маңындағы көркем табиғат аясында 27 ақ шаңқан киіз үй мен шатырдан құралған этноауыл тігіліп, онда келушілер қазақ халқының мәдениетімен, қолөнерімен және ұлттық тағамдарымен танысуда.
Фестивальдің басты тартысы — үздік қымыз шеберін анықтайтын байқау. Бас жүлде үшін Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Абай, Ұлытау облыстарынан және Қарағанды облысының барлық ауданынан келген 37 қымыз өндіруші бақ сынауда.
Байқау алты аталым бойынша өткізіліп жатыр, ал жалпы жүлде қоры 10 миллион теңгені құрайды. Қатысушылардың өнерін әлемге әйгілі әнші Димаш Құдайбергеннің ата-аналары кірген беделді қазылар алқасы бағалайды.
Фестивальдің ашылу салтанатында Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев қымыздың бүгінгі күні ұлттық дәстүрдің ажырамас бөлігі ғана емес, гастрономиялық туризмді дамытудың және Қазақстанды халықаралық деңгейде танытудың маңызды құралына айналып келе жатқанын атап өтті.
— Ұлан-ғайыр қазақ даласын картадан ғана емес, қымыздың сан алуан дәмінен де тануға болады. Мәселен, Қарқаралының қымызына жусан мен изеннің нәрі сіңген. Қымыз — жай ғана сусын емес. Ол — халқымыздың бірегей мұрасы, мәдениетінің, дүниетанымының және табиғатпен үйлесімді өмір сүру салтының көрінісі. Осындай тамаша фестивальдің дәл Қарқаралы жерінде өтуі де кездейсоқ емес. Қарқаралы — қазақ тарихының, ұлттық рухтың және азаттық идеяларының алтын бесігі. Уақыт өте келе «BaiQymyz» қазақтың салт-дәстүрін әлемге танытатын халықаралық мәдени-туристік брендке айналатынына сенімдімін, - деді өңір басшысы.
Ұйымдастырушылар қонақтар үшін мазмұнды әрі қызықты бағдарлама әзірлеген. Ұлттық спорт түрлерінен бәйге, көкпар, аударыспақ, жамбы ату және теңге ілу жарыстарымен қатар, тазы жарыстары, қазақстандық және шетелдік өнерпаздардың концерттері, сондай-ақ ұлттық тағамдар ұсынылатын көптеген гастрономиялық алаңдар ұйымдастырылған.
Фестивальге арнайы келген танымал ресторатор Нариман Иржанов шеберлік сабағын өткізіп, көне рецептілер бойынша дәстүрлі қазақ тағамдарын әзірлейді.
Фестиваль кешке дейін жалғасады. Қонақтарды әлі де көптеген әсерлі көріністер мен тосынсыйлар күтуде.