Қоғам

Әлеуметтік желідегі талқыдан кейін Алматы емханасы бейнебақылау жүйесіне қатысты жауап берді

Алматыдағы Алмалы аудандық емханасында орнатылған бейнебақылау камералары әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Желі қолданушылары мекеме дәліздерінің бірінде кемінде 15 камера тұрғанын байқап, оның себебіне қатысты сұрақтар қойған.

Фото: видео-скрин

Осыған байланысты Алмалы аудандық емханасы басшылығы түсініктеме берді.

Мекеме өкілдерінің айтуынша, бейнебақылау жүйесі кезең-кезеңімен орнатылған. 2019 жылы емхана өз қаражаты есебінен 29 камера сатып алып, орнатқан. Ол кезде ғимаратта мүлде бейнебақылау болмаған.

Кейін 2022 жылдың желтоқсанында антитеррористік қауіпсіздік талаптарына байланысты Кузет қосымша сегіз камера орнатқан.

Нәтижесінде аумағы 1100 шаршы метр болатын емханада қазіргі таңда жалпы саны 37 камера жұмыс істеп тұр.

Емхана әкімшілігі екі жүйенің бір-бірінен тәуелсіз екенін атап өтті. «Кузет» орнатқан камералардағы жазбаларға тек күзет компаниясының ғана қолжетімділігі бар, ал медициналық мекеме ол материалдарды қарамайды.

Мекеме мәліметінше, бейнебақылау жүйесі пациенттер мен қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында қолданылады.

Сайт Әкімшілігі