Әлеумет

АҚШ Украина мен Ирандағы соғыстардың әсерінен әлемдегі ең ірі мұнай экспорттаушыға айналды

АҚШ мұнай және мұнай өнімдерін экспорттау көлемі бойынша көшбасшылар – Сауд Арабиясы мен Ресейді басып озып, әлемде бірінші орынға шықты.

Фото: Максим Шеметов / Reuters

Reuters агенттігінің мәліметінше, мамыр айында АҚШ-тың мұнай экспорты тәулігіне шамамен 10,5 миллион баррельге жеткен. Ал Ресей тәулігіне шамамен 7 миллион баррель, Сауд Арабиясы 5,9 миллион баррель мұнай экспорттаған. Осылайша, АҚШ қатарынан үшінші ай әлемдік көшбасшылық орнын сақтап отыр.

Салыстыру үшін айтсақ, 2025 жылы Сауд Арабиясы тәулігіне 8,1 миллион баррель, АҚШ 6,6 миллион баррель, ал Ресей 5,8 миллион баррель мұнай экспорттаған болатын.

Сарапшылардың пікірінше, экспорт көлемінің күрт өсуіне екі негізгі фактор әсер еткен. Біріншіден, АҚШ пен Иран арасындағы қақтығыс салдарынан Ормуз бұғазы іс жүзінде жұмысын шектеп, Саудия мұнайын жеткізуге кедергі келтірді. Екіншіден, Ресей мұнай экспорты Украина шабуылдары мен Украинаға қарсы соғыстан кейін енгізілген Батыс санкцияларының қысымына байланысты қысқарып жатыр.

«Вашингтон Иранмен соғысқа дейін өзінің қолында бар екенін де толық сезінбеген жаңа құралға ие болды. Ол – энергетикалық экспорт», – дейді Kpler компаниясының саясат жөніндегі бөлім басшысы Мишель Брухард.

АҚШ үшін бұл тарихи бетбұрыс саналады. Өйткені ел ондаған жыл бойы Таяу Шығыс мұнайына тәуелді болып келді және 1973 жылы айтарлықтай зардап шеккен еді. Жағдай 2010 жылдан кейін  мұнай өндіру қарқынды артқан соң өзгере бастады.

2015 жылы Вашингтон мұнай экспорттауға қойылған 40 жылдық тыйымды алып тастады. Соның нәтижесінде небәрі он жылдың ішінде АҚШ әлемдегі ең ірі мұнай экспорттаушы мемлекетке айналып, бұл өсімнің уақытша құбылыс болатынын айтқан сарапшылардың болжамын жоққа шығарды.

Сонымен қатар Азия нарығы да америкалық мұнайға белсенді түрде бет бұрып жатыр. Мамыр айында АҚШ экспортының шамамен 46 пайызы Азия елдеріне жөнелтілген. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 37 пайыз болған.

Reuters дерегіне сәйкес, Вашингтонның мұнай нарығындағы позициясының күшеюі OPEC ұйымының әлемдік мұнай бағасына ықпал ету мүмкіндігін әлсіретуі ықтимал.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Мұнай АҚШ