Шығыс Қазақстанда ер адам бұрынғы әйелінің құлағын кесіп алған
Шығыс Қазақстан облысының Самар ауылында алты баланы тәрбилеп отырған әйелге бұрынғы күйеуі пышақпен шабуыл жасап, ауыр дене жарақатын салды.
Алдын ала мәлімет бойынша, шабуыл кезінде ер адам әйелдің құлағын кесіп жіберген.
Жәбірленуші бұған дейін бірнеше рет әлеуметтік желіде видеоүндеу жариялап, өзіне және балаларына қауіп төніп тұрғанын айтып, көмек сұраған. Оның сөзінше, бұл мәселеге жергілікті органдар тиісті деңгейде назар аудармаған.
Қайғылы оқиға 25 шілде күні болған. Сол күні полиция 51 жастағы күдіктіні ұстап, оған қатысты қылмыстық іс қозғады. Қазір ол қамауда отыр.
Белгілі болғандай, ер адам бұған дейін де әйелдің арыздары негізінде қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сондай-ақ ол ата-ана құқығынан айырылған.
Тергеу барысында күдіктіге бұрынғы жұбайына жақындауға және онымен кез келген байланыс жасауға тыйым салынды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтау бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр.