Қоғам

Қызылорда облысында заңсыз алтын өндірген қылмыстық топ ұсталды

Қаржылық мониторинг агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті прокуратураның үйлестіруімен және Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментімен бірлесіп, Шиелі ауданында бағалы металдарды заңсыз өндірген қылмыстық топтың қызметін тоқтатты.

Фото: из открытых источников

Тергеу мәліметіне сәйкес, күдіктілер Жаманкөл шатқалында күрделі технологиялық өңдеуді қажет етпейтін табиғи алтынды заңсыз өндірген.

Анықталғандай, топ мүшелерінің әрқайсысына нақты міндеттер жүктелген. Бірі алтын өндіру жұмыстарын ұйымдастырып, жұмысшыларды тартса, енді бірі өндірілген металды тасымалдау мен өткізумен айналысқан. Басқа қатысушылар қауіпсіздікті қамтамасыз етіп отырған.

Заңсыз әрекетті жасыру мақсатында өндіріс орнының маңына бақылаушылар қойылып, мотоцикл мінген адамдар айналаны тұрақты бақылауда ұстаған. Олар бөгде адамдардың немесе мемлекеттік органдар қызметкерлерінің жақындағанын алдын ала хабарлап отырған.

Тергеу барысында өндірілген алтынның Алматы қаласына жеткізіліп, сатылғаны, ал одан түскен табыстың қылмыстық топ мүшелері арасында бөлінгені анықталды.

Тінту кезінде құрамында алтыны бар 500 грамнан астам шикізат, екі арнайы техника, 12 металл іздегіш және алты автокөлік тәркіленді. Сонымен қатар екі пневматикалық тапанша мен бір тегіс ұңғылы мылтық табылған.Соттың санкциясымен 13 күдікті қамауға алынды.

Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасып жатыр. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жария етілмейді.

Сайт Әкімшілігі