Әлеумет

Ақтауда қызметтік көлік тізгіндеген полицей бір жарым жастағы сәбиді қағып, өлімге әкелді

Ақтаудағы ықшамаудандардың бірінде полиция қызметкері қызметтік көлікпен бір жарым жастағы баланы қағып кетіп, сәби оқиға орнында көз жұмды.

Фото: lada.kz

Бұл туралы Lada.kz жазды.

Қайғылы оқиға 13 мамыр күні 27-ықшамауданда болған. Маңғыстау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, қызметтік автокөлікті құқық қорғау органының қызметкері басқарған.

Ведомство дерегіне сәйкес, тұрғын үй маңындағы жолда жүргізуші кәмелетке толмаған баланы қағып кеткен. Сәби алған жарақаттарынан оқиға орнында қайтыс болды.

«Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 345-бабы 3-бөлігімен қылмыстық іс қозғалды. Жүргізуші уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады полиция.

Сондай-ақ департамент қаза тапқан баланың отбасына көңіл айтып, тергеу ісі ерекше бақылауға алынғанын мәлімдеді.

Басылымның бейресми дереккөзіне сүйенсек, жүргізуші алкогольдік және наркологиялық сараптамадан өткен. Алдын ала мәлімет бойынша, одан алкоголь не психотроптық зат белгілері анықталмаған.

Сайт Әкімшілігі