Әлеумет

Ұлыбританияда 18 жастағы студенттің өлімі жаппай наразылыққа ұласты

Ұлыбританияның Саутгемптон қаласында 18 жастағы студент Генри Новактың өлімі қоғамда үлкен резонанс тудырды.

Фото: Lab Ky Mo / SOPA Images / LightRocket / Getty Images

Тергеу мәліметінше, 2025 жылдың желтоқсанында 23 жастағы Викрам Дигва студентке бірнеше рет пышақ сұққан. Алайда оқиға орнына келген полиция бастапқыда шабуылдаушыны жәбірленуші деп қабылдап, ауыр жараланған Новакты қолға алған.

Фото: Novak family

Полицияның бейнетіркеу құрылғысынан алынған кадрларда студенттің бірнеше рет «мені пышақтады» деп көмек сұрағаны көрінеді. Соған қарамастан, полицейлер оның қолына кісен салып, шабуыл жасады деген күдікпен ұстаған. Көп ұзамай Генри Новак ауыр жарақат пен ішкі қан кетуден қайтыс болды.

2026 жылғы 1 маусымда сот Викрам Дигваны адам өлтіргені үшін кінәлі деп танып, өмір бойына бас бостандығынан айырды. Ол кемінде 21 жыл түрмеде отырады. Қылмыс қаруын жасыруға көмектесті деп айыпталған анасы да жауапқа тартылып жатыр.

Полицияның әрекеті бейнеленген видео жарияланғаннан кейін Саутгемптонда мыңға жуық адам наразылық акциясына шықты. Шерулер тәртіпсіздікке ұласып, полициямен қақтығыстар болды. Салдарынан 11 полиция қызметкері жарақат алып, екі адам ұсталды.

Марқұмның отбасы полицияның әрекетін «адамгершілікке жат әрі қорлайтын қылық» деп атады. Хэмпшир полициясы ресми түрде кешірім сұрағанымен, оқиғаға қатысы бар полицейлерге әзірге айып тағылған жоқ. Олардың әрекетіне қатысты тәуелсіз тергеу жалғасып жатыр.

Бұл оқиға Ұлыбританияда полиция жұмысы, әділеттілік және құқық қорғау органдарындағы ықтимал қос стандарттар туралы қызу саяси және қоғамдық пікірталас тудырды.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Ұлыбритания