Сараптама

АҚШ келіссөздерді қайта бастау үшін Иранға бес шарт қойды – БАҚ

АҚШ Иранмен бейбіт келіссөздердің екінші кезеңін бастау үшін Тегеранға бес талап ұсынды.

Фото: ЖИ / Жас Алаш

Вашингтонның шарттары мынадай:

— АҚШ тарапынан ешқандай өтемақы төленбеуі;

— Ирандағы 400 келі уранның АҚШ-қа тапсырылуы;

— Иранның ядролық нысандарының тек бір кешені ғана жұмыс істеуі;

— Иран активтерінің 25 пайызы да бұғаттан шығарылмауы;

— барлық майдандағы әскери қимылдарды тоқтатуды келіссөздердің өтуімен тікелей байланыстыру.

Fars агенттігінің жазуынша, Иран бұл талаптарды орындаған күннің өзінде АҚШ пен Израиль тарапынан шабуыл қаупі сақталып қала береді.

Осы аптада Иран да келіссөздерді қайта бастау үшін өз шарттарын жариялаған еді. Тегеранның талаптары:

— барлық майданда, әсіресе Ливандағы соғысты тоқтату;

— Иранға қарсы санкцияларды алып тастау;

— Иран активтерін бұғаттан шығару;

— әскери қимылдардан келген шығын үшін өтемақы төлеу;

— Иранның Ормуз бұғазы үстіндегі егемендік құқығын мойындау.

Иран тарапы бұл талаптар тек келіссөздерге қайта оралу үшін ең төменгі сенім алаңын қалыптастыруға арналғанын мәлімдеді. Тегеран бұл тармақтар нақты орындалмайынша жаңа келіссөздерге бармайтынын айтқан.

Мамыр айының басында Иран АҚШ-қа 14 тармақтан тұратын бейбіт жоспар ұсынған. Онда әскери қимылдарды тоқтату, шабуыл жасамау кепілдігі, теңіз қоршауын алып тастау, бұғатталған активтерді босату және америкалық әскерді аймақтан шығару талаптары қамтылған.

Tasnim агенттігінің мәліметінше, Тегеран негізгі мәселелерді 30 күн ішінде шешуді ұсынып, «соғысты тоқтатуға» басымдық берген.

Ал The Wall Street Journal басылымы Иранның алдымен әскери әрекеттерді тоқтатып, Ормуз бұғазы арқылы сауда кемелерінің қозғалысын кезең-кезеңімен қалпына келтіруді ұсынғанын жазды. АҚШ бұған жауап ретінде Иран порттары мен кемелеріне салынған шектеулерді параллель түрде алып тастауды қарастырған.

WSJ дерегінше, басты келіспеушілік Иранның ядролық бағдарламасына байланысты болып отыр. Вашингтон ядролық инфрақұрылым мен уран қорына қатысты міндеттемелердің алдын ала бекітілуін талап етсе, Тегеран бұл мәселені бөлек 30 күндік келіссөздер аясында талқылауды жөн көреді.

Соған қарамастан, Дональд Трамп Иран ұсыныстарын «қабылдауға келмейтін талаптар» деп атады. Ал Тегеранда «өзін АҚШ президенті деп атайтын адамның» реакциясы олар үшін «ешқандай маңызға ие емес» екені мәлімделді.

Қазіргі уақытта тараптар арасында сәуір айының басында жасалған әрі кейін белгісіз мерзімге ұзартылған бітім күшінде қалып отыр. Алайда мамыр айының басында тараптар бір-біріне қайтадан соққы жасаған.

Сайт Әкімшілігі