Путин Қазақстанға келіп, қандай құжаттарға қол қояды?
Ресей президенті Владимир Путин бүгін Астанаға соңғы 1,5 жыл ішіндегі екінші мемлекеттік сапарымен келеді.
Кездесу аясында Қазақстан мен Ресей арасында бірқатар маңызды келісімдерге қол қою жоспарланған.
Қандай құжаттар бекітіледі?
Жалпы саны 16 маңызды құжатқа қол қойылады. Соның ішінде ең негізгісі - Ресейдің жобасы және несиесі арқылы Қазақстанда алғашқы атом электр станциясын салу жөніндегі келісім. Сонымен қатар екі ел арасындағы стратегиялық серіктестіктің «жеті негізі» туралы бірлескен мәлімдеме қабылданады.
Бұл сапар несімен ерекше?
Халықаралық дипломатиялық тәжірибеде бір президенттің бір елге бір мерзім ішінде тек бір рет мемлекеттік сапар жасауы қалыпты саналады. Алайда бұл - Путиннің Қазақстанға 1,5 жыл ішінде екінші мәрте мемлекеттік деңгейде келуі. Сарапшылар мұны Астана мен Мәскеу арасындағы қарым-қатынастың жоғары деңгейін көрсететін белгі ретінде бағалап отыр.
Күн тәртібінде не бар?
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Путин әскери-техникалық серіктестік мәселелерін талқылайды. Сондай-ақ Астанада дарынды балаларға арналған «Сириус» білім беру орталығының құрылысына капсула салу рәсіміне қатысу жоспарланған. Бұдан бөлек, Ресейден келген 400 адамдық делегация Еуразиялық экономикалық форум жұмысына қатысады.