Әлеумет

Денсаулық сақтау министрлігі блогерлерге жаңа талап қойды

Қазақстанда медициналық қызметтердің жарнамасына қойылатын талаптар жаңартылмақ. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, өзгерістердің басты мақсаты – азаматтардың денсаулығын қорғау, медициналық қызметтер туралы ақпараттың ашықтығын қамтамасыз ету және тұтынушыларға шынайы мәлімет ұсыну.

Фото: из открытых источников

Жаңа талаптарға сәйкес, әлеуметтік желілер мен онлайн-платформалардағы коммерциялық жарияланымдар міндетті түрде жарнама ретінде белгіленуі тиіс. Яғни, жарнама берушілер мен блогерлер материалдың жарнамалық сипатта екенін ашық көрсетуге міндеттеледі.

Министрлік бұл талаптар «Жарнама туралы» және «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» заңдарды іске асыру мақсатында әзірленгенін атап өтті. Нәтижесінде әлеуметтік желілердегі жасырын жарнаманың азайып, медициналық жарнама нарығының ашықтығы артады.

Сонымен қатар медициналық қызметтерге қатысты кез келген жарнамада мынадай ақпарат міндетті түрде көрсетілуі қажет:

– медициналық қызметті жүзеге асыруға берілген мемлекеттік лицензияның нөмірі мен берілген күні;

– лицензияны берген мемлекеттік органның атауы;

– медициналық көрсетілімдер мен қарсы көрсетілімдер туралы мәлімет;

– кейбір медициналық қызметтердің тек дәрігердің тағайындауымен және бейінді маманның кеңесінен кейін ғана көрсетілетіні туралы ескерту.

Бұл ақпарат тұтынушыларға анық көрінетін және оңай оқылатын форматта орналастырылуы тиіс.

Денсаулық сақтау министрлігі жаңа талаптар азаматтарға медициналық қызметтер туралы толық әрі сенімді ақпарат алуға мүмкіндік беріп, өз бетінше емделудің қауіп-қатерін төмендетуге ықпал ететінін мәлімдеді.

Ведомствоның мәліметінше, негізгі мақсат – айыппұл салу емес, медициналық қызметтерді жарнамалау саласында заң талаптарының сақталуы мен ашықтықты қамтамасыз ету. Дегенмен, талаптарды бұзғандар Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 428-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Сайт Әкімшілігі