Трамп Иранның мұнай-газ нарығын «толықтай АҚШ бақылауына» алуға уәде берді
АҚШ президенті Трамп Иранға қарсы жаңа соққылар жасау және болашақта Парсы шығанағындағы елдің басты мұнай терминалы саналатын Харг аралын басып алу жоспары бар екенін мәлімдеді.
Ол Truth Social желісіндегі жазбасында Иранның мұнай мен газ нарығын Америка бақылауына алуға уәде берді.
Трамптың айтуынша, Иран армиясы, әскери авиациясы, әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері мен радиолокациялық станциялары жойылған. Сондай-ақ ол Тегеранның шабуыл жасау мүмкіндігінің едәуір бөлігі істен шыққанын айтты.
«Жақын арада біз Харг аралы мен басқа да мұнай инфрақұрылымы нысандарын бақылауға алып, олардың мұнай және газ нарықтарына толық бақылау орнатамыз», – деп жазды АҚШ президенті.
Ол мысал ретінде Венесуэланы келтіріп, мұндай саясаттың екі ел үшін де «өте тиімді нәтиже беріп жатқанын» атап өтті.
Бұған дейін Трамп Венесуэла билігімен жасалған келісім аясында АҚШ Венесуэла мұнайын сатудан түсетін 30-50 миллион баррель көлеміндегі табысты бақылауға алатынын, ал бұл қаржы «президент ретінде өзінің басқаруында болатынын» мәлімдеген еді.
Харг аралы Иранның мұнай экономикасындағы негізгі нысан саналады. Елдің теңіз арқылы экспортталатын мұнайының шамамен 94 пайызы осы арал арқылы тасымалданады. Ең жоғары жүктеме кезеңдерінде мұндағы қоймаларда бір мезетте 553 миллион баррельге дейін мұнай сақталған.
Сарапшылардың бағалауынша, 2025 жылы Иран мұнай экспортынан шамамен 53 миллиард доллар табыс тапқан. Бұл елдің жалпы ішкі өнімінің шамамен 11 пайызына тең.
АҚШ 2026 жылғы 13 наурызда Харг аралына әуе шабуылдарын жасаған болатын. Сол кезде 90-нан астам әскери нысанға, оның ішінде теңіз миналары мен зымыран қоймаларына соққы берілген. Алайда мұнай инфрақұрылымына әдейі зақым келтірілмеген.
АҚШ, Израил және Иран арасындағы қақтығыс 2026 жылдың 28 ақпанынан бері жалғасып келеді. Сәуір айының басында Пәкістанның арағайындығымен уақытша бітім жасалғанымен, ол бірнеше рет бұзылды. 13 сәуірден бастап АҚШ Иран порттарына теңіз блокадасын қолдап келеді.