Қоғам

Ақмола облысында кене шаққан 17 жастағы студент жансақтау бөліміне түсті

Ақмола облысында 17 жастағы студентті кене шаққаннан кейін жағдайы күрт нашарлап, жансақтау бөліміне жатқызылды.

Фото: ашық дереккөзден

Қазіргі уақытта ол облыстық балалар ауруханасында ем қабылдап жатыр.

Дәрігерлердің алдын ала диагнозы бойынша, жасөспірім кене арқылы таралатын вирустық энцефалит жұқтырған болуы мүмкін.

Белгілі болғандай, студентті кене 16 мамыр күні шаққан. Алайда оның отбасы бірден медициналық көмекке жүгінбеген және бұл жағдай туралы мамандарға хабарламаған. Біраз уақыт өткен соң науқастың денсаулығы күрт нашарлаған.

Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, жасөспірімнің санасы бұзылған. Қазір оған барлық қажетті тексерулер мен емдеу шаралары жүргізіліп жатыр.

Дәрігерлер кене шаққаннан кейін ауру белгілері бірден байқалмайтынын ескертеді. Кей жағдайларда адам өзін бірнеше күн, тіпті бір аптадан астам уақыт қалыпты сезінуі мүмкін.

«Әдетте алғашқы белгілер 7–10 күн ішінде пайда болады. Кене энцефалитінің асқынуы өте қауіпті, өйткені вирус орталық жүйке жүйесін – ми мен жұлынды зақымдайды. Оның салдары қайтымсыз болуы мүмкін», – деді облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөлімінің меңгерушісі Ербол Жұмағалиев.

Маусым айының басынан бері Ақмола облысында кене шаққаннан кейін шамамен 500 адам дәрігер көмегіне жүгінген. Олардың үшеуінен кене энцефалиті расталған. Науқастар Бурабай және Сандықтау аудандарының тұрғындары.

Сайт Әкімшілігі