Бұрынғы қаржы полициясы басшысының орынбасарының қызы Франциядан пәтер сатып алған
Қаржы және сыбайлас жемқорлық қылмыстарымен күрес агенттігі төрағасының бұрынғы орынбасары Самат Әшімбаевтың қызы Айгерім Әшімбаева мен оның кәмелетке толмаған үш баласы Кариб теңізіндегі Сент-Китс және Невис мемлекетінің төлқұжатын алған.
Бұл туралы "Выход к морю" телеграм арнасы жазды.
Аталған жаңалық олардың Францияның коммерциялық тізіліміне тапсырған құжаттарынан белгілі болды.
Францияда отбасы SCI IAMD атты компания құрып, оған Антиб түбегіндегі элиталы Parc du Cap тұрғын үй кешеніндегі пәтерді рәсімдеген. Дәл осы кешенде Қазақстан билігі бұрын Қайрат Сатыбалды мен оның отбасының пәтерлерін тәркілеген болатын.
Айгерім Әшімбаеваның нақты қай пәтерді сатып алғаны және оның сипаттамалары жарияланған құжаттарда көрсетілмеген. Белгілісі – IAMD компаниясы биылғы қаңтарда Parc du Cap кешені орналасқан мекенжайда тіркелген. Кадастрлық деректер бойынша бұл компания сол мекенжайдағы жылжымайтын мүлік иелерінің қатарында бар.
Компанияның жарғылық капиталы небәрі 1000 еуроны құрайды. Оның 40 пайызы Айгерім Әшімбаеваға тиесілі болса, үш баласының әрқайсысы 20 пайыздық үлеске ие.
Parc du Cap кешеніндегі пәтерлердің бағасы 2 миллион еуродан басталады. Кешен екі бес қабатты ғимараттан тұрады және онда бір бөлмелі пәтерлерден бастап шатырында бассейні бар пентхаустарға дейінгі 88 пәтер орналасқан. Тұрғындарға жерасты автотұрағы, фитнес-зал, SPA-орталық, сауна, бассейндер мен теңіз шығанағына көрініс ұсынылады.
2024 жылы осы кешендегі жылжымайтын мүлік иелерінің қатарында Қайрат Сатыбалды мен оның жұбайлары Саида Қанатбекқызы, Әсел Бақтиярқызы және Гүлмира Қауасқызы болғаны белгілі болды. Сол кезде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет тәркіленген пәтерлердің жалпы құны 8,5 миллион еуро немесе шамамен 4,2 миллиард теңге екенін хабарлаған.
Айгерім Әшімбаеваның Франциядағы пәтері оның жалғыз шетелдік мүлкі емес. IAMD компаниясының тіркеу құжаттарына сәйкес, ол балаларымен бірге Дубайдағы Al Barari Residences жабық тұрғын үй кешеніндегі жеке виллада тұрады. Бұл кешеннің жартысынан астам аумағын бақтар, саябақтар мен жасанды көлдер алып жатыр. Мұндағы виллалардың бағасы 2,83 миллион доллардан басталады.
Айгерім Әшімбаеваның әкесі Самат Әшімбаев бұрын сыбайлас жемқорлыққа қарсы органда жоғары лауазымдар атқарған. Ол бір кездері Қостанай облысындағы антикор қызметін басқарған. Кейін Тимур Құлыбаев құрылымдарына қарасты «Майкүбен-Вест» көмір өндіру компаниясының жұмысына жетекшілік еткен.
Сент-Китс пен Невис азаматтығын инвестиция арқылы алудың ең төменгі құны – 250 мың доллар көлеміндегі қайтарымсыз жарна. Бұл сома негізгі өтініш беруші мен үш тәуелді мүшеге азаматтық алуға мүмкіндік береді. Балама нұсқа ретінде кемінде 325 мың долларды жылжымайтын мүлікке инвестициялап, оны жеті жылдан кейін сатуға болады.
Алайда Айгерім Әшімбаеваның Сент-Китс пен Невис азаматтығын алар алдында Қазақстан азаматтығынан шыққан-шықпағаны әзірге белгісіз. Ашық дерекқорлардағы мәліметтерге қарағанда, ол Қазақстанның 10 жылдық шетелдік төлқұжатын 2024 жылдың қаңтарында алған.