Саясат

Путин Зеленскиймен кездесудің мәні жоқ екенін айтты

Ресей президенті Путин Украина президенті Зеленскийдің ашық хатын «үстірт қарап шыққанын» айтып, онымен кездесудің мәнін көрмейтінін мәлімдеді.

Фото: скриншот

Бұл туралы ол Санкт-Петербург халықаралық экономикалық форумының пленарлық отырысында айтты.

Путиннің сөзінше, Зеленский алдымен сайлауға қатысып, Конституция талаптарына сай әрекет етуі керек.

«Егер билікті Конституциядан тыс ұстап тұрса, бұл билікті заңсыз иелену болып саналады. Бұл – қылмыстық әрекет», – деді Ресей президенті.

Ол сондай-ақ үш апта бұрын Киевке Украина тарапының шақыруымен ресейлік кәсіпкердің барғанын айтты. Кәсіпкер Зеленскиймен кездесіп, кейін Путинге екі ел президенттерінің кездесуін өткізу жөніндегі ұсынысты жеткізген.

Путиннің айтуынша, келесі күні, 22 мамырда, Украина Қарулы күштері Старобельскідегі колледжге соққы жасаған. Алайда ол бұл кездесуге қатысқан кәсіпкердің атын атаған жоқ.

Сонымен қатар Ресей президенті Зеленскийдің өзінің жасына қатысты пікір білдіргеніне де тоқталды.

«Ең бастысы – адамның әрекетке қабілеттілігі мен жұмыс істеу қабілеті», – деді Путин.

Өз кезегінде Зеленский Путиннің мәлімдемесіне жауап беріп, Ресейдің тағы да соғыс жолын таңдағанын айтты.

«Өкінішке қарай, Ресей тарапы тағы да соғысты таңдады. Бүгінгі жауабын бәрі естіді. Бұл – әлсіз жауап. Ол соғысты аяқтағысы келмейді. Меніңше, әлемдегі көптеген адам бұл жауапқа көңілі қалды», – деді Украина президенті.

4 маусым күні Зеленский Путинді соғысты тоқтатып, тікелей келіссөздер бастауға шақырған болатын. Ол АҚШ пен Еуропа елдерінің қатысуымен бейтарап алаңда жеке кездесу өткізуді ұсынды.

Ашық хатында Зеленский соғыс үшін жауапкершілікті жеке Путиннің өзіне жүктеп, бұл қақтығыс оның саналы таңдауы болғанын мәлімдеген.

«Украина соғысты сіз бен біздің арамыздағы келіссөздер арқылы аяқтауды ұсынады. Мен сізге кездесу өткізуді ұсынамын. Негізгі мәселелерді әрдайым мемлекет басшылары шешеді», – деген еді Украина президенті.

АҚШ президенті те Зеленскийдің ашық хаты жарияланғаннан кейін Путин мен Зеленскийдің ықтимал кездесуін қолдайтынын білдірген.

Сайт Әкімшілігі