Зейнеткердің ақшасын жымқыруға қатысы бар 19 және 21 жастағы күдіктілер ұсталды
Астанада 78 жастағы зейнеткерді алдаған алаяқтарға көмектесті деген күдікпен 19 және 21 жастағы екі тұрғын ұсталды.
Тергеу мәліметінше, алаяқтар өздерін мемлекеттік орган мен банк қызметкерлері ретінде таныстырып, әйелді барлық жинағын өздерінің есепшоттарына аударуға көндірген. Сонымен қатар зейнеткер зергерлік бұйымдарын сатып, түскен ақшаны да көрсетілген шоттарға жіберген.
Полиция ақша түскен есепшот иелерін анықтап, екі күдіктіні ұстады. Олар сыйақы үшін алаяқтарға өздерінің банк шоттарын, ұялы телефондарын, SIM-карталарын берген, сондай-ақ банк қосымшалары мен криптовалюта биржасындағы аккаунттарды рәсімдеп отырған.
Күдіктілердің бірінің шотына 1 млн теңге, екіншісінің шотына 2,5 млн теңге түскені анықталды. Оларға қатысты дропперлік фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.