Әлеумет

Қазақстанның Азаматтық альянсы конституциялық құндылықтар мен азаматтық қоғамның рөлін талқылады

Қоғамның беріктігі заңдардың көптігімен емес, сол заңдарға деген саналы құрметтің деңгейімен айқындалады.

Фото: ашық дерекккөз

Конституция азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын белгілейтін құқықтық құжат қана емес, ол қоғамдық келісімнің ішкі өзегін қалыптастыратын құндылықтар жүйесі. Осы қағиданы кеңінен талқылау мақсатында Қазақстанның Азаматтық альянсы «Ұстаным» пікірталас клубының алаңында «Конституция және құндылықтар: азаматтық келісімнің негізі» тақырыбында сараптамалық кездесу өткізді. Басқосудың негізгі өзегі – азаматтық қоғам институттарының қазіргі кезеңдегі жауапкершілігін жаңа қырынан пайымдау және қоғамдық диалогтың сапасын арттыру болды.

Пікірталас алаңына үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері, азаматтық бастамаларды үйлестірушілер, қоғамдық институттардың өкілдері, өңірлік азаматтық альянстардың басшылары, сарапшылар мен жастар қозғалыстарының мүшелері қатысты. Қатысушылар конституциялық қағидаттарды күнделікті қоғамдық тәжірибемен ұштастыру мәселесін талқылап, заң үстемдігі тек мемлекеттік басқарудың емес, азаматтардың мінез-құлық мәдениетінің де ажырамас өлшеміне айналуы қажет екенін атап өтті. Олардың пікірінше, құқықтық мемлекет ең алдымен құқықтық санасы қалыптасқан қоғамнан бастау алады.

Кездесу барысында азаматтық қоғамды қоғамдық сенім кеңістігін қалыптастыратын әлеуметтік механизм ретінде қарастыру ұсынылды. Сарапшылар қоғамдық ұйымдар тек бастама көтеруші құрылым емес, мемлекет пен азамат арасындағы өзара түсіністікті нығайтатын әлеуметтік медиатор қызметін атқаратынын айтты. Осындай серіктестік қоғамдық мәселелерді тек талқылап қана қоймай, оларды шешудің тиімді тетіктерін бірлесіп әзірлеуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде басқару сапасын жетілдіруге және қоғамдағы жауапкершілік мәдениетін күшейтуге ықпал етеді.

Жиында конституциялық құндылықтардың ұлттық бірегейлікпен байланысы да кеңінен сөз болды. Тарихи жадыны сақтау, мәдени мұраны ұлықтау, отбасы институтын қолдау және ұрпақтар сабақтастығын нығайту азаматтық келісімнің рухани іргетасы ретінде бағаланды. Қатысушылардың пікірінше, қоғамдық тұтастық құқықтық нормалардың орындалуымен ғана емес, ортақ құндылықтарды бөлісе алатын азаматтардың қалыптасуымен де өлшенеді.

Пікірталаста жастардың азаматтық белсенділігіне ерекше назар аударылды. Сарапшылар жастардың қоғамдық шешімдерге қатысуы еріктілік қызметімен шектелмеуі тиіс екенін айтып, оларды қоғамдық мониторингке, әлеуметтік жобаларды әзірлеуге және қоғамдық бастамаларды іске асыруға кеңінен тартудың маңызын атап өтті. Бұл азаматтық қоғамның ұзақмерзімді тұрақтылығын қамтамасыз ететін стратегиялық инвестиция ретінде бағаланды.

Кездесу соңында қатысушылар Конституция қағидаттарын қоғамдық өмірдің табиғи нормасына айналдыру тек құқықтық түсіндіру жұмыстарымен шектелмейтінін жеткізді. Ол үшін азаматтардың өзара сенімін күшейтетін, қоғамдық жауапкершілікті тереңдететін және әлеуметтік серіктестікті дамытатын тұрақты диалог мәдениеті қажет. Осындай пікірталас алаңдары азаматтық қоғамның сапалық дамуына серпін беріп, қоғамдық келісімді уақыт талабына сай жаңа мазмұнмен толықтыруға мүмкіндік береді.

Сайт Әкімшілігі