Саясат

«Соғысты тоқтататын уақыт келді»: Зеленский Путинді жеке кездесуге шақырды

Украина президенті Владимир Зеленский Ресей президенті Владимир Путинге ашық хат жолдап, соғысты тоқтату мәселесін тікелей талқылау үшін жеке кездесу өткізуді ұсынды.

Фото: Reuters

Өз үндеуінде Зеленский соғысты Ресей басшысының жеке таңдауы деп атап, тарих бұл қақтығысты дәл осылай бағалайтынын мәлімдеді.

«Соғысты тоқтататын уақыт келді. Украина бұл қақтығысты аяқтауды ұсынады. Оны әділ әрі лайықты түрде аяқтап, болашақта қақтығыс қайта өршімеу үшін сенімді кепілдік берілуі қажет», – деп жазды Украина басшысы.

Оның айтуынша, Киев ұзаққа созылған қақтығысты қаламайды және тікелей келіссөздер жүргізуге дайын.

«Мен сізге кездесу өткізуді ұсынамын. Соғыс пен бейбітшілік мәселелерін шешу үшін мемлекет басшыларын дәстүрлі түрде қабылдайтын елдер бар. Швейцария, Түркия, араб әлемінің елдері – мұндай кездесуді қабылдауға дайын әрі ниетті мемлекеттер көп», – деді ол.

Сондай-ақ Зеленский келіссөздер кезеңінде толық атысты тоқтатуға және әскери тұтқындарды «бәрін бәріне» қағидаты бойынша алмастыруға дайын екенін жеткізді.

Украина президенті негізгі мәселелерді алдымен екі ел басшыларының тікелей талқылауы маңызды екенін айтып, келіссөздерді ұзақ процедуралармен созбауға шақырды.

Өз кезегінде Кремль өкілдері хатпен танысқанын және оның Путинге жеткізілетінін хабарлады. Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Зеленскийдің сөйлескісі келсе, Мәскеуге кез келген уақытта келе алатынын мәлімдеді.

Сайт Әкімшілігі