Қоғам

Яна Легкодимованы өлтіргендердің жазасын қай жерде өтеп жатқаны жарияланбады

Атырауда қаза тапқан студент Яна Легкодимованың анасы қызының өліміне кінәлі деп танылғандардың жазаны қай мекемеде өтеп жатқанын білуге тырысқанымен, оған бұл ақпарат берілмеді, деп хабарлайды «Ақ Жайық».

Фото: ашық дереккөз

Галина Легкодимова осы мәселе бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне ресми сауал жолдаған. Алайда ведомство сотталғандардың нақты қай түзеу мекемесінде отырғанын жариялаудан бас тартқан.

Комитет жауабында аталған азаматтардың заңды күшіне енген сот үкіміне сәйкес қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде жазасын өтеп жатқаны ғана көрсетілген.

Ведомство мұндай ақпараттың Қылмыстық-атқару кодексі мен жеке деректерді қорғау туралы заң талаптарына сәйкес құпия саналатынын түсіндірді. Сондай-ақ сотталғандардың басқа мекемеге ауыстырылғаны туралы мәлімет тек олардың жақын туыстарына немесе сотталған адамның өзі көрсеткен тұлғаларға ғана хабарланатыны айтылған.

Бұған дейін қоғамда сотталғандардың өмір бойына бас бостандығынан айырылғандарға арналған мекемелердің біріне, соның ішінде «Қара бүркітке» этапталғаны жөнінде түрлі ақпарат тараған болатын. Алайда бұл мәліметтердің ешқайсысы ресми түрде расталмаған.

Галина Легкодимова бұл сауалды қызығушылық үшін емес, сотталғандардың шынымен заңда көзделген мекемеде жазасын өтеп жатқанына көз жеткізу мақсатында жолдағанын айтты.

Оның сөзінше, өзі өмірін қайта бастауға, басқа қалаға көшуге және болған қайғылы оқиғадан кейін қалыпты өмірге оралуға тырысып жүр. Бірақ қызының өліміне қатысты оқиға әлі күнге дейін жанын ауыртады.

«Маған олардың өмір бойына бас бостандығынан айырылғандарға арналған жағдайда жазасын өтеп жатқанына көз жеткізу маңызды», – деді марқұмның анасы.

Сайт Әкімшілігі