Можтаба Хаменеи: америкалықтардың орны – Парсы шығанағының түбінде
Иранның жоғарғы жетекшісі Можтаба Хаменеи ұзақ үзілістен кейін халыққа жаңа үндеу жолдады. Бұл мәлімдеме Парсы шығанағының ұлттық күніне орай жасалған.
Үндеу Иран мемлекеттік телеарнасының дикторы арқылы оқылып, ресми сайтта жарияланған.
Мәлімдемеде Иранның ядролық және зымырандық әлеуеті «ұлттық байлық» ретінде қорғалатыны айтылған. Хаменеи бұл мүмкіндіктерді ел ішіндегі және сыртындағы «90 миллион намысты ирандықтың» қорғап отырғанын атап өтті.
Ол Парсы шығанағындағы жағдайға ерекше тоқталып, аймақтың болашағы «Америкасыз» болуы тиіс екенін мәлімдеді.
«Мыңдаған шақырым жерден келіп, өз мүддесін көздейтін шетелдіктерге Парсы шығанағының түбінен басқа орын жоқ», – деді ол.
Сондай-ақ Хаменеи Ормуз бұғазы маңындағы жағдайға қатысты пікір білдіріп, «дұшпанның оны пайдалануына жол бермейтінін» айтты. Сонымен бірге Иран бұғаз арқылы өтетін кемелерден төлем алу жоспарын өзгерту ниеті жоқ екенін жеткізді.
Оның айтуынша, бұғазды басқарудың жаңа жүйесі аймақтағы елдерге экономикалық пайда әкеліп, даму мүмкіндігін арттырады.
Айта кетейік, Парсы шығанағының ұлттық күні – 1622 жылы Шах Аббас I мен British East India Company күштері бірігіп, португалдарды Ормуз аралынан қуып шыққан тарихи оқиғаға байланысты белгіленген ресми мереке.