Қоғам

АҚШ Иранға шабуыл жасаудан уақытша бас тартты

АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға жоспарланған жаңа әскери соққының тоқтатылғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, мұндай шешім бейбіт келісімге қол жеткізу мүмкіндігіне байланысты қабылданған.

Фото: REUTERS

Трамп Truth Social әлеуметтік желісіндегі жазбасында Иран мен Таяу Шығыс елдері Вашингтоннан әскери әрекеттерден уақытша бас тартуды сұрағанын айтты. Оның сөзінше, тараптар келісімнің негізгі шарттары бойынша ілгерілеуге қол жеткізген.

Ақ үй басшысы құжаттағы басты талаптардың бірі – Ормуз бұғазын дереу ашу және Иран тарапынан туындап отырған ядролық қауіптің тоқтатылуы екенін атап өтті.

Сонымен қатар Дональд Трамп егер келіссөздер нәтиже бермесе, АҚШ Иранға қарсы бұрын-соңды болмаған әскери күш қолдануға дайын екенін ескертті.

Осы арада Иранның сыртқы істер министрі Аббас Аракчи Пәкістан және Түркия өкілдерімен телефон арқылы сөйлесіп, өңірдегі ахуалды талқылады. Ол АҚШ тарапынан қандай да бір әскери әрекет жасалған жағдайда, Тегеран оған қатаң жауап қайтаратынын мәлімдеді.

Сайт Әкімшілігі