Әлеумет

Израиль келісімге қол қойылғаннан бір күн өткен соң Ливанға соққы жасады

Израиль қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) сенбі күні Ливанның оңтүстігіндегі Набатия провинциясына әуе соққысын жасады.

Фото: ашық дереккөз

Бұл туралы DW жазды.

ЦАХАЛ өкілінің AFP агенттігіне мәлімдеуінше, операцияның мақсаты Израиль әскери қызметкерлеріне қауіп төндірді деп күдікке ілінген содырлар болған. Оның айтуынша, соққының нәтижелері қазір зерделеніп жатыр.

Әуе шабуылы Израиль мен Ливан АҚШ-тың делдалдығымен шеңберлік келісімге қол қойғаннан кейін бір күн өткен соң жасалды. Құжатқа сәйкес, ЦАХАЛ Ливанның оңтүстігіндегі Литани өзенінің солтүстігі мен оңтүстігіндегі екі ауданнан әскерінің бір бөлігін шығаруы тиіс. Бұл аумақтарды пилоттық жоба ретінде Ливан армиясы бақылауға алады, ал жобаға америкалық әскери қызметкерлер де қатысады. Израиль мен Ливан арасында бүгінге дейін ресми дипломатиялық қатынас орнамаған және екі ел 1948 жылдан бері ресми түрде соғыс жағдайында саналады.

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху келісімге қол қойылғаннан кейін ЦАХАЛ Ливанның оңтүстігінде құрылған «қауіпсіздік аймағынан» «Хезболла» қозғалысы толық қарусыздандырылып, Израильге төнген қауіп жойылмайынша шықпайтынын мәлімдеді.

Алайда «Хезболла» жетекшісі Наим Қасем бұл келісімді қабылдамай, оны Израиль алдындағы «тізе бүгу» деп атады.

Ол Ливан билігін біржақты жеңілдіктерге барды және елдің егемендігіне нұқсан келтірді деп айыптады. Оның пікірінше, Израиль әскерінің шығарылуын «Хезболланы» қарусыздандырумен байланыстыру –  Израиль күштерінің Ливанның оңтүстігінде қалуын заңдастыру болып саналады.

АҚШ пен Израиль 28 ақпаннан бері Иранға қарсы әскери операциясын жалғастырып келеді. Тегеран қолдайтын «Хезболла» қозғалысы наурыз айында Израильге әуе шабуылын жасап, қақтығысқа араласқан. Бұған жауап ретінде Израиль Ливан аумағында әскери операция бастаған.

Сайт Әкімшілігі