Ресей мигранттарға қойылатын талаптарды күшейтті
Ресей президенті Владимир Путин еңбек мигранттарының елде болу тәртібін қатаңдататын заңға қол қойды.
Жаңа талаптарға сәйкес, шетелдік жұмысшылар өздерін және өзімен бірге тұратын отбасы мүшелерін өңірдегі ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен емес мөлшерде қамтамасыз ете алатынын дәлелдеуі тиіс. Сондай-ақ Ресейде жұмыс патентін рәсімдейтін шетел азаматтары енді өзі мен кәмелетке толмаған балалары үшін жеке табыс салығы бойынша белгіленген аванстық төлемді төлеуге міндетті болады.
Егер бұл талаптар орындалмаса, мигранттың жұмыс патенті немесе еңбек етуге рұқсаты ұзартылмайды. Мұндай жағдайда ол балаларымен бірге 15 күн ішінде Ресейден кетуі тиіс. Тек елде уақытша болуға заңды негізі болған жағдайда ғана қалуына рұқсат беріледі.
Бұдан бөлек, кәмелетке толған балалар 30 күн ішінде өз атына жұмыс патентін рәсімдеуі немесе Ресей аумағынан шығуы қажет. Заң мигранттарға қатысты мемлекеттік баж салығын да бірнеше есе арттырады.
Атап айтқанда:
– Ресей азаматтығын рәсімдеу – 4 200 рубльден 50 мың рубльге дейін;
– уақытша тұруға рұқсат алу – 1 920 рубльден 15 мың рубльге дейін;
– ықтиярхат рәсімдеу – 6 мың рубльден 30 мың рубльге дейін өседі.
Заңның негізгі нормалары 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.