Қымбат Досжан: «Бұл марапат – журналистикаға адал қызмет еткен әріптестеріме берілген баға»
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында ақпарат саласының дамуына үлес қосқан бір топ журналисті мемлекеттік наградалармен марапаттады.
Солардың қатарында танымал тележурналист, «Құрмет» орденінің иегері Қымбат Досжан да бар.
Қазақ телевизиясы мен радиосының дамуына өлшеусіз үлес қосқан Қымбат Досжан бұл марапатты өзіне ғана емес, отандық журналистиканың өркендеуіне қызмет етіп жүрген әріптестеріне берілген жоғары баға деп санайды. Оның пікірінше, журналистиканың басты миссиясы – қоғамға қызмет ету, адам тағдырына бейжай қарамау және шынайы ақпарат тарату.
Сұхбат барысында тележурналист медиа саласындағы реформалардың маңызына тоқталып, журналистерді әлеуметтік қолдау, дәстүрлі БАҚ-тың цифрлық дәуірдегі орны, жалған ақпаратпен күрес және жас буын журналистердің жауапкершілігі туралы ой бөлісті.
– Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан «Құрмет» орденін алдыңыз. Бұл марапатты өзіңіздің ғана емес, жалпы отандық журналистикаға көрсетілген құрмет деп қабылдауға бола ма?
– Бүгінгі марапат Қазақ Телевизиясы мен радиосына жасаған 42 жылдан астам еңбектің нәтижесі десе де болады. Бұл марапат мен үшін өте қымбат. Бұл «Адал еңбекпен мал іздемек — ол арлы адамның ісі», - деп Ұлы Абай айтпақшы, тағылыммен еңбек еткен әріптестеріме берілген баға.
Осы салада көп жылдан бері еңбек етіп келе жатқан маманмын, еңбек жолымды Қазақ телевизиясында бастап, еліміздің жетекші теле- радиоарналарында жалғастырдым. Көптеген ақпараттық, әлеуметтік жобалардың авторы әрі жүргізушісімін. Соның ішінде «Бармысың, бауырым» хабары мен үшін ерекше қымбат.“Өзгенің қайғысы” болмайтынын, үнемі бір-бірімізге қол ұшын беру керектігін көңіліме түйдім.
– Президент өз сөзінде журналистерді қоғамның жанашыры әрі мемлекеттің дамуына үлес қосатын маңызды күш ретінде атап өтті. Сіздіңше, соңғы жылдары жүзеге асқан реформалар журналист мамандығының беделі мен мәртебесіне қалай әсер етті?
– Бүгінгі таңда ҚР Президенті басшылығымен жүргізіліп жатқан реформалар – саяси жүйені жетілдіруге, қоғамдық сананы жаңартуға мүмкіндік береді. Бәріміз үшін әділ әрі бейбіт ел құруда бұқаралық ақпарат құралдарының алатын орыны ерекше.
«Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы – экономика саласы, көлік-инженерлік, әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстарында тиімді қолданылып жатыр. БАҚ өкілдері ақпарат өндірісінде сапалы аналитика, обьективтілікке басымдық беріп, мультимедиялық шешімдерді, жасанды интеллектіні қолданудамыз. Бірақ бұл жаңашылдықтың ар жағында АДАМ – кәсіби маман тұратынын ұмытпауымыз керек.
– Мемлекет басшысы биыл алғаш рет өңірлік журналистерге де тұрғын үй берілетінін жариялады. Медиа саласы өкілдерін әлеуметтік қолдау бастамалары журналистиканың сапасы мен кадрлық тұрақтылығына қаншалықты ықпал етеді деп ойлайсыз?
– Үш жылдан бері қаншама қазақстандық журналист баспаналы болды, Мемлекет басшысы өз сөзінде үш жылда 200 ден астам пәтер берілді деді. Бұл дегеніңіз – әр отбасын орта есеппен 3 адамнан есептесек 600 қазақстандық отбасылы болды деген сөз. Әр отбасында өсіп жатқан 4-5 баланың бір-екеуі болсын журналистикаға бет бұрса, бұл керемет көрсеткіш емес пе... Сондықтан, Қазақстан журналистикасының әлеуетін көтеруге бағытталған нағыз мықты қадам дер едім. Биыл тағы 66 пәтердің тең жартысынын көбі өңірдегі журналистерге берілуі – стратегиялық жағынан шешілген оң қадам. Көбіне біз облыстағы маңдай терін төгіп жүрген азаматтарға көңіл бөліп, есепке ала бермейміз, биылғы шешім нағыз оңтайлы әрі дер кезінде қабылданған шешім дер едім.
– Президент дәстүрлі медианың цифрлық дәуірде өз маңызын жоғалтпағанын айтты. Көп жылдық тәжірибесі бар тележүргізуші ретінде Қазақстан медиасының трансформациясына қандай баға берер едіңіз?
– Қазақстан медиасының трансформациясы әрқашан болып отыратын үздіксіз процесс. Меніңше, біз барлық жаңашылдықты тез үйреніп, тез қолданысқа шығарып, пайдаланатын әлеуетті мемлекет қатарындамыз. Алдыңғы қатардағы аға журналистің өкілі ретінде БАҚ өкілдері мен қолына қалам ұстаған жастарға айтарым, өтірікке сенбеу, естіген жағымсыз жаңалығыңды жарияламас бұрын бірнеше рет тексеріп алу керек.
– Қасым-Жомарт Тоқаев журналистердің жалған ақпаратпен, дипфейк пен ақпараттық арандатуларға қарсы күрестегі рөліне ерекше тоқталды. Бұл бағытта кәсіби журналистердің жауапкершілігі қалай өзгеруі керек деп есептейсіз?
– Жауапкершіліктен қашпайтындай өзінің адами жауапкершілігі жоғары журналист болуы керек. Ақпараттық арандату – аяқ астында десе де болады. Арандатушылық ақпарат берген адамның соңынан бірден еріп кетпеу – бұл кәсіби журналистің ұстанымы.
– Бүгін жоғары мемлекеттік наградаға ие болған тәжірибелі журналист ретінде жас әріптестеріңізге қандай кеңес берер едіңіз? Президент көтерген «Адал азамат», «Заң мен тәртіп» және ағартушылық құндылықтарын дәріптеуде жаңа буын журналистердің миссиясы қандай болуы керек?
– Жаңа буын журналистердің жұмыс істеуіне қазір бар жағдай жасалған. Мемлекеттік бағдарламаларды іске асырумен қатар, өздері де қоғамның азаматы ретінде қабылданған заңдарды бірге атқаруы тиіс деп ойлаймын. «Адал азамат», «Заң мен тәртіп» бағдарламасымен қатар қабылданған «Таза Қазақстан» бағдарламасы бір -бірімен үндесіп жатқан өміріміздің драйвері болуы керек. «Адалдық», «Тәртіп», «Тазалық» – бір-бірімен үндескен трио. Осы үштікпен өмір сүріп, қағидаттарына мойынсұнсақ көп жетістікке қол жеткіземіз.
Қасым-Жомарт Кемелұлы жергілікті жердегі халықтың нақты мұң - мұқтажы мен көңіл күйі туралы ақпаратты үнемі назарда ұстап отырады, мерзімді баспасөзді қалт жібермей, өңірлердегі телевизияны да көруге уақыт табады. Біз Бақ мамандары - қоғамдық бірлікті нығайтуда, мемлекеттік саясаттың қағидаларын ілгерілетіп, дәстүрлі құндылықтарды сақтауда жетекші рөл атқаруға ұмтыламыз. Біздің бұл ұстанымымыз қоғамды ізгілікке шақырып, азаматтық жауапкершілікті арттыруға себін тигізеді деп сенемін.