Қашағандағы 500-ден астам жұмысшы өтемақысын әлі ала алмай жүр
Атыраудағы PSI Services компаниясының 500-ден астам қызметкері Кашағандағы күрделі жөндеу жұмыстарының тоқтатылуына байланысты берілетін өтемақыны әлі күнге дейін алмаған.
Жұмысшылардың айтуынша, олар сәуір айында Кашаған кен орнындағы жоспарлы күрделі жөндеу жұмыстарына ресми келісімшартпен келген. Алайда шілде айында жөндеу жұмыстары күтпеген жерден тоқтатылған. Жоба операторы NCOC барлық мердігер компания қызметкерлеріне әр жұмысшыға 750 мың теңгеден өтемақы төлеуге уәде берген.
Басқа мердігер ұйымдардың қызметкерлері ақшаларын бір апта ішінде алғанымен, PSI Services жұмысшылары әлі күтіп отыр. Наразы болған қызметкерлер еңбек инспекциясына жүгінген. Мемлекеттік еңбек инспекторы Кемел Иманғалиевтің айтуынша, NCOC өтемақыға арналған қаржыны PSI Services компаниясына 532 қызметкер үшін толық аударып қойған. Компания директорының орынбасары Тимур Хаджиев төлемнің кешігуін кадр ауысымының көптігімен және келісімшарттардың аяқталуына байланысты есеп айырысу жұмыстарының ұзаққа созылуымен түсіндірді. Оның айтуынша, барлық өтемақы 15 тамызға дейін толық төленеді.
Айта кетейік, биыл Кашағандағы күрделі жөндеу жұмыстарына шамамен 8 мың мердігер қызметкерді тарту жоспарланған болатын. Жөндеу жұмыстарының қашан қайта басталатыны әзірге белгісіз.