Әлеумет

Қазақстандықтардың соғыс болып жатқан елдерге баруына тыйым салынуы мүмкін

Олжас Бектенов әскери қақтығыс болып жатқан мемлекеттерге қазақстандықтардың сапарын уақытша шектеуге мүмкіндік беретін заңнамалық тетіктер әзірленуі мүмкін екенін мәлімдеді.Үкімет басшысы бұл туралы Мәжілістегі Ақ жол фракциясы депутаттарының сауалына берген жауабында айтты.

Фото: Pixabay

Премьер-министрдің мәліметінше, Таяу Шығыстағы жағдайдың ушығуына байланысты Қазақстан 66 эвакуациялық рейс ұйымдастырған. Оның ішінде 27 рейс республикалық бюджет есебінен жүзеге асырылса, қалған коммерциялық рейстердің билеттерін азаматтар өз қаражатына сатып алған.

3–13 наурыз аралығында елге 10 275 қазақстандық қайтарылған. Эвакуация жұмыстарына Air Astana, SCAT Airlines, Flydubai және Air Arabia әуе компаниялары қатысқан.Сондай-ақ қақтығыс аймақтарында туристік коды бар шамамен 4 мың ұйымдастырылған турист болғаны айтылды.

«Туристік Қамқор» қоры мен туроператорлар олардың 3 мыңға жуығын уақытша орналастырып, тамақпен қамтамасыз еткен.

Үкімет мәліметінше, эвакуация кезінде кей азаматтар соғыс аймақтарына баруын жалғастырған. Мысалы, осы кезеңде Алматыдан Дубай мен Шарджаға 191 адам ұшып кеткен. Бұл жағдай эвакуациялық жұмыстарға қосымша жүктеме түсірген.

Осыған байланысты билік қауіпті аймақтарға сапарды уақытша шектеу мәселесін заңнамалық деңгейде қарастыруды жоспарлап отыр. Сонымен қатар төтенше жағдайда ұлттық әуе тасымалдаушыларын жедел жұмылдыру тәртібін жетілдіру және арнайы әуе кемелерін сатып алу мүмкіндігі де талқылануда.

Сайт Әкімшілігі