«Қысық көз» ишарасы мексикалық шенеуніктің қызметінен айырылуына себеп болды
2026 FIFA World Cup кезінде мексикалық шенеунік пен оңтүстіккореялық стримердің қатысуымен болған оқиға үлкен дау туғызды.
New York Post басылымының мәліметінше, оқиға 12 маусым күні Мексиканың Халиско штатында өткен Оңтүстік Корея мен Чехия құрамалары арасындағы матчтан кейін болған.
Миллиондаған оқырманы бар оңтүстіккореялық стример Юн Су Джин өз командасының жеңісінен кейін видео түсіріп тұрған. Сол сәтте оның артында отырған Халиско штатының инженер-геодезистер және геоинформатика қауымдастығының президенті Улисес Берналь көзін қолымен тартып, күліп тұрған.
Әлеуметтік желі қолданушылары бұл әрекетті азиялықтарға қатысты нәсілшіл және қорлайтын ишара деп бағалады.
Жарияланған видеода блогердің артында болып жатқан жағдайды байқап, таңғалғаны көрінеді. Кейін ол әлеуметтік желідегі парақшасында әлем чемпионатын тамашалау үшін арнайы Мексикаға келгенін және мұндай көзқарасқа тап боламын деп күтпегенін жазды.
Бейнеролик миллиондаған қаралым жинағаннан кейін Бернальға қатысты сын күшейді.
Халиско штатының инженер-геодезистер және геоинформатика қауымдастығы болған оқиғаға өкініш білдіріп, мәселені Ар-намыс және әділет комитеті қарағанын хабарлады. Тексеру қорытындысы бойынша Улисес Берналь қызметінен босатылған.
Оқиға интернетте қызу талқыланды. Көптеген мексикалықтар стримерден кешірім сұрап, шенеуніктің әрекеті ел тұрғындарының ұстанымын білдірмейтінін атап өтті.
Сонымен қатар кейбір қолданушылар мұндай ишара Мексикада басқа мағынада қабылдануы мүмкін екенін айтқан. Алайда пікір білдірушілердің басым бөлігі халықаралық ортада мұндай әрекет қорлайтын әрі орынсыз көрінетіні жөнінде ортақ пікірге келді.