Қоғам

Қазақстанда жаңа Ұлттық сыйлық пайда болады – Президент жарлыққа қол қойды

Қасым-Жомарт Тоқаев «Оқу мәдениетін дамыту және оқитын ұлт қалыптастыру шаралары туралы» жарлыққа қол қойды.

Фото: Ақорда

Жарлықта адам капиталын дамыту, қоғамның интеллектуалдық және мәдени әлеуетін нығайту, оқу мәдениетін білім мен тәрбие жүйесінің негізгі элементі ретінде дәріптеу, сондай-ақ оқитын ұлт қалыптастыру үшін жағдай жасау көзделген.

Осыған байланысты мәдениет, білім және инновация салаларындағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттары ретінде мыналар айқындалды:

– оқу мәдениетін дамыту және оқитын ұлт қалыптастыру;

– заманауи оқырман инфрақұрылымын дамыту: жаңа форматтағы кітапханалар мен цифрлық құралдар кеңінен қолданылатын қоғамдық кеңістіктер ашу;

– жас ұрпақты Конституцияның негізгі қағидаттары рухында тәрбиелеуге ықпал ететін отандық жазушылар мен ақындарды қолдау;

– кітап шығарушылар мен кітап таратушылардың мемлекетке пайдалы қызметін ынталандыру;

– ұлттық әдеби мұраны ел ішінде және шетелде насихаттау.

Жарлықты жүзеге асыру үшін Үкіметке бірқатар тапсырма берілді. Атап айтқанда, жаңа форматтағы кітапханалар мен көпфункциялы қоғамдық кеңістіктер құру, заманауи ақпараттық жүйелер мен сервистерді енгізу арқылы оқырман инфрақұрылымын жаңғырту тапсырылды.

Сонымен қатар, Үкімет 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін:

– «Кітапхана және кітап шығару ісі туралы» жаңа заң жобасын әзірлеуі;

– оқу мәдениетін дамытудағы жетістіктер үшін Ұлттық сыйлық тағайындауы;

– бірыңғай қолжетімділігі бар Ұлттық цифрлық кітапхана платформасын құруы тиіс.

Жарлық қол қойылған күннен бастап күшіне енеді.

Еске салсақ, 23 сәуірде Президент Ұлттық кітап күніне орай қазақстандықтарды құттықтап, жақын екі апта ішінде оқу мәдениетін дамыту мен интеллектуалды ұлт қалыптастыруға бағытталған арнайы жарлыққа қол қоятынын мәлімдеген еді.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Тоқаев