Қазақстанда халықтың ақшалай табысының көрсеткіштері артып келеді
2026 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша Қазақстан халқының жан басына шаққандағы орташа атаулы ақшалай табысы айына 252 619 теңгені құрады.
Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,8 пайызға жоғары. Ал нақты ақшалай табыс 0,1 пайызға өскен.
Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, халықтың орташа табысы соңғы үш жылда тұрақты өсім көрсетіп келеді. Атап айтқанда, 2023 жылдың бірінші тоқсанында бұл көрсеткіш 178 059 теңге болса, 2024 жылы – 204 993 теңгеге, 2025 жылы – 225 910 теңгеге, ал биыл 252 619 теңгеге жеткен.
Өңірлер бөлінісінде ең жоғары орташа табыс Алматы қаласында тіркелді – 408 182 теңге. Одан кейін Ұлытау облысы – 353 036 теңге, Астана қаласы – 352 811 теңге және Атырау облысы – 323 716 теңге көрсеткішпен көш бастап тұр.
Ал ең төменгі орташа табыс Түркістан облысында тіркелген – 143 409 теңге. Сондай-ақ Шымкент қаласында бұл көрсеткіш 160 951 теңгені, Жамбыл облысында – 166 768 теңгені, ал Жетісу облысында – 173 876 теңгені құрады.
Жылдық өсім қарқыны бойынша Алматы облысы алдыңғы орында тұр. Мұнда атаулы ақшалай табыс 19,1 пайызға артқан. Одан кейін Қарағанды облысы – 16,4 пайыз және Алматы қаласы – 15,1 пайыздық өсім көрсеткен.
Нақты ақшалай табыстың ең жоғары өсімі де Алматы облысында байқалды. Бұл өңірде көрсеткіш 106,3 пайызды құраса, Қарағанды облысында – 104,5 пайыз, Алматы қаласында – 103,4 пайыз болған.
Соған қарамастан, елдегі өңірлер арасындағы табыс айырмашылығы әлі де сақталып отыр. Биылғы бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша ең жоғары және ең төменгі орташа табыс арасындағы алшақтық 2,8 есеге жеткен.