Оқиғалар

AMANAT партиясы қызметін тоқтатады – партия съезі

Астанада AMANAT партиясының XXVI съезі өз жұмысын аяқтады. Жиынның басты қорытындысы – делегаттардың партияның «Әділет» партиясына қосылуын қолдауы болды.

Фото: AMANAT

Съезге еліміздің барлық өңірлерінен келген делегаттар, Парламент депутаттары, бастауыш партия ұйымдарының өкілдері, партия ардагерлері мен қоғам қайраткерлері қатысты. Жиында Саяси кеңес пен Орталық бақылау-тексеру комиссиясының есепті кезеңдегі жұмысының қорытындылары шығарылып, партияның алдағы саяси қызметіне қатысты мәселелер қаралды.

Съезд барысында Парламент депутаттары, өңірлік ұйымдардың және бастауыш партия ұйымдарының өкілдері сөз сөйледі. Олар Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асқан саяси және конституциялық реформалар елді одан әрі жаңғыртуға негіз қалағанын, азаматтардың саяси үдерістерге қатысу мүмкіндігін кеңейткенін және жастар үшін жаңа мүмкіндіктер ашқанын атап өтті.

Сондай-ақ реформаларды өңірлерде іске асырудың маңыздылығына, қоғамдық келісімді нығайтуға, әлеуметтік бастамаларды қолдауға және Әділетті әрі прогрессивті Қазақстан құру бағытын сақтауға ерекше назар аударылды. Сөз сөйлегендер жаңа саяси жағдайда мемлекет, қоғам және саяси институттардың күш-жігерін ұлттық мақсаттар төңірегінде біріктірудің маңызы артқанын айтты.

Талқылау қорытындысы бойынша делегаттар AMANAT партиясының мемлекеттік реформаларды жүзеге асыруда, қоғамдық бастамаларды ілгерілетуде және мемлекет пен қоғам арасындағы диалогты нығайтуда маңызды рөл атқарғанын атап өтті.

Сонымен қатар съезд қатысушылары елдің саяси дамуының жаңа кезеңінде қоғамдық және саяси әлеуетті стратегиялық міндеттер төңірегінде топтастырудың ерекше маңызға ие екенін мәлімдеді.

Осыған байланысты аманаттықтар партияның «Әділет» партиясына қосылуы туралы шешімді қолдады. Делегаттардың пікірінше, бұл қадам AMANAT партиясының дербес саяси ұйым ретіндегі қызметінің қисынды қорытындысы.

Сайт Әкімшілігі