Маңғыстауда аулада табылған 12 жастағы баланың өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды
Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданында мектеп жасындағы баланың мәйіті табылды.
Оқиға туралы жергілікті тұрғындардың бірі Lada.kz басылымына хабарлаған.
Куәгердің айтуынша, бала тұншығу белгілерімен табылған.
«Оны алғашында басқа бір бала көрген. Әуелде әткеншекте ойнап отыр деп ойлаған. Жақындап қарағанда оның беті көгеріп кеткенін, аузынан ақ көбік шыққанын байқайды. Содан кейін үлкендерді шақырып, олар полиция мен жедел жәрдемге хабарласқан. Оқиғаның нақты себебі әзірге белгісіз», – дейді дереккөз.
Баланың қайтыс болғанын жедел жәрдем қызметі растады. Дәрігерлер 1 маусым күні шақырту түскенін және 2014 жылы туған баланың қайтыс болғанын тіркеген.
Маңғыстау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, Мұнайлы ауданының Атамекен ауылында кәмелетке толмаған баланың өлімі туралы хабар 1 маусым күні түскен.
«Алдын ала мәлімет бойынша, 12 жастағы бала аулада әткеншекте ойнап жүріп, жазатайым оқиға салдарынан жарақат алған. Аталған дерек бойынша адам өлімі фактісімен қылмыстық іс қозғалды», – деп хабарлады полиция.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайды.