Әлеумет

1 шілдеден бастап самокат жүргізушілері үшін не өзгерді?

Қазақстанда 1 шілдеден бастап жалға берілетін электрсамокаттарды пайдаланушыларға қатысты жаңа қатаң талаптар күшіне енді. Ішкі істер министрлігі бұл көлік түріне қатысты бақылау қалай жүргізілетінін түсіндірді.

Фото: sxodim.com

1 шілдеден бастап енгізілген негізгі өзгерістер

Тіркеу нөмірлері.

Енді әрбір жалға берілетін электрсамокатқа жеке тіркеу нөмірі беріледі. Бұл көше камераларына жол қозғалысы ережесін бұзғандарды тіркеп, жүргізушінің жеке басын жедел анықтауға мүмкіндік береді.

Міндетті сақтандыру.

Жалға алынатын самокаттарды пайдаланушылар үшін азаматтық-құқықтық жауапкершілікті міндетті сақтандыру енгізілді. Ол жол-көлік оқиғасы немесе жаяу жүргіншіні қағып кеткен жағдайда қолданылады.

Компаниялардың бақылауы күшейтілді.

Кикшеринг қызметтерін көрсететін компаниялар енді арнайы бағдарламалар арқылы белгілі бір аймақтарда самокаттардың жылдамдығын шектеуге, ретсіз тұрақ қоюдың алдын алуға және барлық қозғалыс деректерін ІІМ-ге беруге міндетті.

Кімдерге жолға шығуға тыйым салынады?

ІІМ мәліметінше, егер пайдаланушының қосымшасында жүргізуші куәлігі расталмаса, сервис самокаттың автожолға шығу мүмкіндігін автоматты түрде бұғаттауы тиіс.

Еске салайық, автожолмен тек:

18 жасқа толған;

кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі бар;

қорғаныс дулығасын киген азаматтарға ғана жүруге рұқсат.

Ал қараңғы уақытта жүргізушінің киімінде жарық қайтаратын элементтер болуы міндетті.

Тамыздан бастап тротуармен жүруге толық тыйым салынады

Қазір электрсамокатпен велосипед жолымен жүруге болады. Егер ондай жол болмаса, сағатына 6 шақырымнан аспайтын жылдамдықпен тротуарда немесе жолдың оң жақ шетімен қозғалуға рұқсат етіледі.

Алайда 25 тамыздан бастап электрсамокаттардың тротуарлармен және жаяу жүргіншілер жолымен жүруіне толық тыйым салынады, деп ескертті министрлік.

Неге әлі де қатаң тыйым салынады?

Полиция бұрынғыдай мынадай әрекеттер үшін айыппұл салынатынын еске салды:

самокатпен жолаушыны бірге тасымалдауға немесе көлемді жүк алып жүруге;

жаяу жүргіншілер өткелінен самокаттан түспей өтуге.

ІІМ қазақстандықтарды жаңа талаптарды қатаң сақтауға шақырып, қала көшелеріндегі қауіпсіздік әрбір жол қозғалысына қатысушының жауапкершілігіне байланысты екенін атап өтті.

Т. РАУШАНҰЛЫ