Әлеумет

12 жастағы Абылайханды өлтірген жасөспірім интернатқа жіберілді

Алматыда 12 жастағы Абылайханды пышақтап өлтірген жасөспірім бір жыл бойы Семейдегі арнайы мектеп-интернатта білім алады.

Фото ашық дереккөз

 Ал оның ата-анасына 86 мың теңге көлемінде айыппұл салынған. Марқұмның туыстары мұндай шешіммен келіспей, кінәлілер жауапкершіліктен құтылып кетті деп есептейді. Бұл туралы КТК арнасы хабарлады.

Марқұмның әжесі Сағадат Өсенова немересінің өліміне қатысты қабылданған шешімге наразы. Оның айтуынша, қайғылы оқиғаға кінәлі жасөспірім небәрі төрт ай психиатриялық ауруханада емделген. Кейін оны арнайы мектеп-интернатқа жіберу туралы шешім қабылданған. Ал баланың ата-анасы 86 мың теңге айыппұл төлеумен шектелген. Осылайша, қылмыстық іс сотқа жетпеген.

"Итімді өлтіргендей болып келіп-кетті. Сонда қалай?! 13 жастағы балалардың бәрі 14-ке толмадық деп адам өлтіре бере ме?! Соңғы бес айдың ішінде өзім біліп отырған төрт өлім бар. Біз білмейтін жағдайлар қаншама?!" – дейді әжесі.


Адвокат Арман Шәріпов те кәмелетке толмағандардың қылмыстық жауапкершілігін 14 жастан емес, 12 жастан бастау мәселесін қарастыру қажет деп санайды. Оның пікірінше, қазіргі балалар ақпарат пен интернеттің қолжетімділігіне байланысты өз әрекеттерінің салдарын түсіне алады.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, Қазақстанда 14 жасқа толмаған балалар, тіпті аса ауыр қылмыс жасаған жағдайда да, қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды. Полиция жасөспірімге заң аясында өзге жаза тағайындау мүмкін болмағанын түсіндірген.

Еске салайық, қайғылы оқиға биыл 10 маусымда Алматының Түрксіб ауданында болған. Алтыншы сыныпты аяқтаған 12 жастағы Абылайханды өзінен бір сынып жоғары оқитын жасөспірім 16 рет пышақтап өлтірген. Алдын ала мәлімет бойынша, қылмысқа қызға қатысты туындаған жағдай себеп болған.

Марқұмның жақындары балалардың ауыр қылмыстар үшін жауапкершілігін қайта қарауды талап етіп, заңнамаға өзгеріс енгізу жөнінде талап-арыз жолдамақ.

Сайт Әкімшілігі